Қазақстанда 420 елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 2,1 мың шақырым су құбыры салынады. Оның ішінде 162 мың тұрғыны бар 67 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен жабдықталады. "AMANAT" партиясының жанындағы экологиялық кеңес отырысында Су ресурстары және ирригация министрлігі осылай мәлімдеді. Сондай-ақ ведомство өткен жылы 70 қала толық орталықтандырылған ауыз сумен қамтылғанын айтты. Биыл тағы 20 қаланы қамту жоспарланып отыр.
БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУ КОМИТЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ:
Отырыста су қоймаларын салу жұмыстары қалай жүріп жатқанын да тыңдадық. Өткен жылы бұл салада қандай мәселелер туындағанын білесіздер ғой. Бұл жыл сайынғы стратегиялық маңызды міндет. Гидроқұрылғылар мен су қоймаларының жұмысына мұқият мән бермесе болмайды. Өйткені табиғи апат айтып келмейді, оған елдімекендер дайын болуы керек.