Елімізде қыруар қаржыға салынған қоқыс өңдеу зауыттары жұмыс істемей, миллиардтар желге ұшып жатыр. Өйткені жауапты мекемелер үшін тұрмыстық қалдықты қайта өңдегеннен гөрі, тау-төбе қып төге салатын полигондар қолайлырақ. Бұған қынжылған тұрғындар қоқыс контейнеріндегі қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдесе дейді. Тақырыпты тілшілер тарқатып айтады.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Батыс Қазақстан облысында жиналған тұрмыстық қалдықтардың көлемі 6 миллион тоннадан асады. Ал жыл сайын төгілер қоқыс 100 мың тоннадан да көп. Бірақ оның бәрін түгел қайта өңдеп, кәдеге жарату мүмкін болмай отыр.
Осыдан жарты ғасыр бұрын ашылған қаладағы қоқыс полигоны қазір лық толы. Пайдалану мерзімі ұзартылса да, жағдай өзгермеген. Өйткені қалалықтардың саны тез көбейгесін, шығарылар қалдық та ұлғайды. Ал тұрғындар қоқысты жинай бергенше қайта өңдеген жөн дейді.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
Үйіміздің алдында тұрады, біз міндетті түрде оны бөліп саламыз және балаларға үйретеміз бөліп салғанды. Менің ойымша, сол қоқыстарды қайта өңдеу керек. Яғни, пластик, қағаздан өнімдер жасау керек. Басқа полиэтиленнен, ағаштан.
Біздер жинап тапсырдық кәдімгідей. Ол кезде енді көбіне сағыз сияқты бірдемелер беретін, баламыз ғой. Қазір ондайды көрген жоқпын.
Қытайдан алып жатқан нәрсенің сол екінші, үшінші неден шыққандар екен. Қоқысты өңдеп шығарған екен. Шаруашылыққа арналған нәрселер, аяққа төсейтін асфальттар бәрі содан жасалынады екен. Біздерде сондай болса жақсы болар еді. Әрбір қоқысты басқа материал жасауға. Сондай зауыт болса жақсы болар еді.
Бүгінде қалалық полигон жеке кәсіпорынға сенімді басқаруға берілген. Жоспар бойынша өңделген қоқысты биогазға айналдырып, одан электр қуаты өндірілуі тиіс.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Әзірге қоқыс контейнерлері қағаз бен пластик және әйнек сынықтары салынатын қып бөлінген. Бірақ бұған салынған қалдықтың қайда барары белгісіз. Ал Мөлдір, сөз кезегі де, қоқыс дорбасы да өзіңде.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Иә, Еркін, қордаланған қоқыс мәселесі астаналықтар үшін де өзекті. Әсіресе, қалдықтарды қайта өңдеу ісі тұралап қалған. Мұны Президент кеше үкіметтің кеңейтілген отырысында тағы айтты.
Өңдеу былай тұрсын, қазір Астанада қоқыс сұрыптайтын рұқсат етілген жалғыз полигон жұмыс істейді. Бұл 1,5 млн халқы бар мегаполис үшін аздық ететіні айдан анық.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Бізде тұрғындар арасында да қоқысты сұрыптау мәдениеті қалыптаспаған. Мәселен, қоқыс жәшіктеріне қағаздарды, пластикалық бөтелкелерді, тамақ қалдықтарын бөлек-бөлек салсақ болады. Алайда қоршаған орта алдында жауапкершілік сезінетіндер кемде-кем. Аралас қоқысты осылайша тастай салу оңайырақ. Оның үстіне сұрыптауға арналған мұндай жәшіктерді қаланың кез келген жерінен кездестіре бермейсің.
ЛАУРА МӘЛІКОВА, «ТӘЖІРИБЕШІЛ ЭКОЛОГТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ» ТӨРАҒАСЫ:
Мәдениет қалыптасу үшін не істеу керек? Ол үшін Астана әкімдігі ақпараттық жұмыс жасау керек. Халықтың арасында әртүрлі іс-шаралар жүргізу керек. Халық қалай сұрыптайды, ол жерде соған арналған контейнер болмаса? Одан кейін үстінде навесы жоқ. Навесы болу керек целлофан ұшып жүрмесі үшін Астанада.
Дереу әрекетке көшпесе, істің насырға шабатынын Үкімет басындағылар да түсінген тәрізді. Алдағы уақытта елде қоқыс өңдейтін 41 зауыт салынбақ. Олардың жалпы өңдеу қуаты жылына- 1,1 млн тонна. Сондай-ақ жауаптылар заңсыз қоқыс үйінділерімен күресуде спутниктік технологиялар тиімді қаруға айналғанын айтады.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:
«Қазақстан Ғарыш Сапары» деректері негізінде аумақтық экология департаменттері әрбір жағдайды тіркеп, әкімдіктерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беретінін хабарлады.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Былтыр Астананың өзінде 200-ден астам заңсыз қоқыс полигоны жойылды. Енді елдімекендердің ғарыштық мониторингінің қамту аймағын кеңейту жоспарда бар.