Атырау қаласындағы №4 қалалық емханада қару бар адамның дәрі алып бара жатқаны туралы видео тараған еді. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі түсінік берді.
Оқиға былтырғы 27 желтоқсанда болған. Басқарма тарапынан аталған оқиға байланысты тексеру жүргізілген.
– Былтырғы жыл басынан бері №4 емханада 27 науқасқа 625 ампула түріндегі трамадол дәрісі тағайындалған. Оған қосымша онкологиялық науқастың тіркелуіне байланысты Атырау облыстық онкологиялық диспансерінен 50 ампула трамадолы уақытша (қайтарым негізінде) алынған. Аталған жағдай жас маманның тәжірибесіздігі салдарынан болғаны анықталды. Камера алдында қобалжыған қызметкер өз әрекетін дұрыс түсіндіре алмай, күзетшіден дәрілерді уақытша жасыра тұруды өтінген. Өйткені бұл дәрілер қайтарылуы тиіс медициналық препарат еді, -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Оқиғаға байланысты емханаға келген құқық қорғау қызметкерлері тексеріс жүргізген. Тексеру кезінде барлық трамадол дәрісі орнында екені расталған.
– Осы жағдай бойынша қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы медицина мекемелерінде дәрі-дәрмектерді сақтау мен тарату қатаң бақылауда екенін мәлімдейді. Жалған ақпаратқа сенбеуге және таратпауды сұрайды, -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Ал Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерекке қатысты жиналған материал Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне жолданғанын хабарлады.
Бұл туралы kaz.inform.kz жазады.