$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда веложүргіншілер үшін автобустарға қондырғы орнатылды

AstanaTV
02.06.2017ж. 20:00
2821
Алматыда веложүргіншілер үшін автобустарға қондырғы орнатылды

Алматыда велосипедтерге арналған бекіткіш құрылғысы бар автобустар жолға шықты. Веложүргінші шаршаған жағдайда немесе астындағы велокөлігі бұзылып қалса, осы құрылғыны пайдалана алады.

Қазір жоба авторлары мұндай бекіткіштерді №29 және №45 маршруттық автобустарға орнатып жатыр. Әдетте Медеу, Шымбұлақ бағыты бойынша жүретін қоғамдық көліктерге велосипедпен мінгісі келетін жолаушылар көп кездеседі, дейді әкімдік өкілдері. Бұл жүйе әлемнің дамыған елдерінде қалыпты жағдайға айналған. Алдағы уақытта сұраныс болып жатса, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен тағы да бірнеше бағыттағы автобусқа орнататынындарын айтты. Шаһарда көліктік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл «Орбита» ықшам ауданы мен «Көк базар» арасын жалғайтын ұзақтығы 23 шақырымдық велосипед дәлізі салынбақшы.

Мақсұт Исахов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Қаланың транспорттық салада жасап жатқан реформасының ең басты тетіктерінің бірі - ол веложүргізушілерді қолдау. Қаланың екі жағын жалғайтын 2 маршрутқа  осындай велосипед таситын арнайы құрылғы орнатып жатырмыз. Олар 7 маусымға дейін осындай жиырма қондырғы қоюға уәде беріп отыр.

Николай Дружинин, велосипедші:

Егер велосипедтің дөңгелегі жарылып қалса, амалсыз осындай құрылғының қызметін пайдаланамыз. Жақында менің бір танысым тау жаққа барғанда, дөңгелегін жарып алыпты. Бірақ маршруттық автобус жүргізушілері  оны велосипедімен бірге қоғамдық көлік салонына кіргізбей қойған.