Танымал блогер Елдос Қадірханов бедеулік дертінен айығу үшін күрделі отаның қалай өткенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, Түркияға барып, дертіне шипа іздеген ол емді Астанадан тапқан екен.
«Түркияда 20-30 минут қана жасалатын. Ал Астанада ота 3,5 сағат жасалды. Дәрігерлер үмітін үзіп жатқан екен. Хирургтың айтуынша ең маңызды тұсы бітеліп қалған екен. Ота жасаған дәрігер дәл сол тұсты кесетін әдісті қолданбайтынбыз, оны ұмытып кеткенбіз дейді. Сол әдіске қажетті бір құралын қасындағы көмекшілерінен сұраса, оны тіпті дайындамаған да екен. Соны әкелгеннен кейін жаңағы жабысып тұрған жерді кесіп жібергенде бір дауыс шығып, артынша бұлақ болып ақты дейді. Соны алып, эмбриологқа бергенде ішінде жыбырлап жүргендерін көрген. Ондай менде мүлдем болмаған», - дейді Елдос Қадірханов.
Блогер сөзін жалғай отырып, отаның нәтижелі өткеніне бүкіл дәрігер қуанған көрінеді.
«Дәрігерлер таң қалғанынан ота жасап жатқандар бірін бірі құшақтап, қуанған екен. Содан отаның қалған бөлігін қасындағы көмекшісіне қалдырып, қуанышты хабарды әйеліме айту үшін палатаға жүгіріп келіп, «Құттықтаймын, сіздер ата-ана бола аласыздар» деп қуанышты жаңалығын айтты», - деп әзілкеш басынан өткен оқиғасын айтып берді.