$494.84 €537.4 ₽5.58
×

Астанада өнер мен мәдени мұраны біріктіретін жаңа жобаның тұсауы кесілді

Астанада өнер мен мәдени мұраны біріктіретін жаңа жобаның тұсауы кесілді

Астанада өнер мен мәдени мұраны біріктіретін жаңа жобаның тұсауы кесілді. Енді қала тұрғындары мен қонақтары «Ailand» отбасылық демалыс орталығында әнші жартастың өнерін тамашалай алады. Келушілерді таң-тамаша еткен жоба туралы тілшіміз баяндайды. 

ДИНАРА ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бұл - әнші жартас. Тас қабырға халық әндерін дәріптейді. Ол «Қараторғай», «Жайдарман», «Маусымжан» және қазақтың басқа да классикалық әндерін шырқайды. Көрерменді ерекше әсерге бөлейтін жоба алдағы уақытта шетелдің шығармаларымен толықтырылады.

Әнші жартас өзін іздеп келген көрерменді таңқалдырмай қоймады. Ол көпшілікті елітіп әкетеді. Мұнда жиылған жұрт мүсіндермен бірге ән шырқайды.

ӘЛИЯ ӘБСӘМЕТОВА, НҰРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің қазақ әндерімізді, тарихымызды, біздің мәдениетімізді көрсетейік. Балаларымыз көріп, өлеңдерімізді айтып жүрсін. Біліп жүрсін өлеңдерімізді.

Қазақ халқының өнерін насихаттайтын жаңа жоба- «AILAND» демалыс орталығы мен «Астана Опера» мемлекеттік театрының бірлескен жұмысы. Ол орталықта бұрыннан бар аумақтарды өз ерекшелігімен толықтырып тұр.

АРМАН МАХАНОВ, «AILAND» ОТБАСЫЛЫҚ ДЕМАЛЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл жоба «Астана Опера» театрымен тығыз ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асты. Біз бұл жұмыста өз шеберлігін танытып, шығармашылық істің жоғары деңгейде орындалуына бар жанын салған әрбір адамға шексіз алғыс білдіреміз. «Астана Опера» мемлекеттік театры әртістерінің дауысы енді біздің джунглиде естіледі. Ол ересектерді де, балаларды да баурап алатын атмосфера жасайды.

Әндеткен тас қабырға келушілердің көңілінен шығып жатыр. Болашақта оның репертуары кеңейе түспек. Жобаны ұйымдастырушылар өзге тілде ән салған жартас туристерді де қызықтыратынына сенімді.

ДӘУРЕН МУСИН, «АСТАНА ОПЕРА» МЕМЛЕКЕТТІК ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫНЫҢ АҒА ХОРМЕЙСТЕРІ:

Бірігіп істеген коллаборация бұл өте қызықты, әрі біздің жастарға, балаларға өте пайдалы деп есептеймін. Бұл жобаға 30 адам қатысты. Әнші жартастар орындаған қазақ попурриінде сол 30 әнші қатысып, орындады.

Айта кетейік, «Астана Опера» мемлекеттік театрының әншілері композитор Елена Коробейникованың өңдеуіндегі шығармаларды орындады.