$518.14 €537.57 ₽5.27
×

Заңға қайшы контент екі есе көбейіп, 116 мыңнан асты

31.01.2025ж. 20:00
86
Заңға қайшы контент екі есе көбейіп, 116 мыңнан асты

Елімізде заңға қайшы контент екі есе көбейді. Өткен екі жылда әлеуметтік желідегі қауіпті материалдардың саны 116 мыңнан асқан. Тек былтырдың өзінде 50 ресурс бұғатталыпты. Интернетті игеріп алғандар көбіне терроризмді, діни экстремизм мен есірткіні насихаттайды. Атауы күдік ұялатпаса да, біраз тұрғынның түбіне жеткен мәселе жайлы әріптесім Аружан Задабек зерттеді. 

Айналаңызға бір сәт назар аударыңызшы. Көшеде, қоғамдық көлікте тіпті үйіңізде де бәрі телефонға телмірген. Балаңыз да байланыс құралын басына жастап жатуды әдетке айналдырды. Әлеуметтік желіні болмасын демейміз, болсын. Алысты жақындатып, білмегенінде сұрайтын кезде таптырмас құралы. Бірақ шырпы жақсаң тұтануға шақ тұрған қазіргі қоғамда желідегі түрлі қауесет пен гу-гу әңгіме алаңдатпай қоймайды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Соцсеть деген керек. Бірақ оған уақытты жұмыс бойынша жұмсау керек. Жұмыс бойынша, өзіңді дамыту бойынша.
- Қарағанда басым ауырып, басым айналып кетеді. Сондықтан қарамауға тырысамын.
- Көп ұстамауға тырысамыз. Бірақ енді болмайды. Барлығы компьютер, онлайн сабағы да, бәрі.

2010 жыл. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде нарызылық шерулер өтеді. Сол кездің өзінде көтерілісті бастауға әлеуметтік желінің ықпалы зор болған. Сондықтан бұл толқу ел арасынжа «Facebook революциясы» аталып кетті.

2020 жыл. Беларусияда сайлау қорытындысы жұрттың ашуын туғызды. Шеруге Белсенділер шеруді Telegram-арналар арқылы ұйымдастырды. Содан кейін бұл оқиға «Telegram революциясы» деген атқа ие болды.

Бұған ұқсас жағдай 2021 жылы да болды. Сайлаудан жеңілген Трамтың жақтастары митинге шықты. Оларды Дональд Трамп өзінің Twitter-дегі парақшасы арқылы басқарып отырған.

Кейінгі жылдары Қазақстанда да әлеуметтік желілер соншалықты пәрменді құралға айналды. Онлайн-платформаларда заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі тарай бастады.

БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұрын ақпаратты БАҚ арқылы алатын болсақ, қазір олардың қатарына интернет, блогерлер қосылды. Бұл, сәйкесінше, ақпараттың көптігін көрсетеді. Енді біз фейкпен күресті жеделдетуіміз керек. Жұрт қай материалдың дұрыс, ал қайсысының жалған екенін ажырата алмай жатыр. Бір жүйенің болғаны маңызды. Бұл жерде тек ақпарат таратушыны жазалау жеткіліксіз. Оны алып, анық-қанығын білмей, тексермей тарататындарға да жаза керек.

2023-2024 жылдары заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Былтыр онлайн-платформаларда 78 539 қауіпті материал анықталған. Әзірге оның 24,3% ғана жойылды. Ал Цифрлық даму министрлігі мазмұны негативке толы 20-ға жуық жазба тапты. Тағы 50 интернет-ресурсты бұғаттады.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырамын. Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын. Миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, біздің министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінетінін атап өткім келеді.

Адамның миы магнит тәрізді. Бәрін бойына жинайды. Бізді алаңдатып отырғаны да – осы. Әлеу желіден көргенін іліп алып, байыбына бармай шешім қабылдағандар көп. Бірі өзін өлтірсе, енді бірі қолындағы барынан айырылды. Елін тастап, желідегінің жемтігі болғандар да бар. Алаяқтар да ақымақ емес. Құрыққа ең алдымен кәмелетке толмаған, оң-солын аңғара білмейтін балаларды түсіреді.

АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВ, ПСИХОЛОГ:

Әлеуметтік желілерде кибербуллинг шабуылдар жасалуы мүмкін. Вертуалды түрде. Сонын салдарынан балада ұйқысыздық, одан кейін оқуға деген қызығушылық төмендеп кетуі мүмкін.

Елімізде Instagram-ға – 12,1 миллион, Facebook-қа – 2,6 миллион, ал TikTok-қа – 14,1 миллионнан астам қазақстандық тіркелген.

Одан көріп тұрған әбестік жоқ. Тек киберқауіпсіздікті сақтау күрделенген заманда сақ болса екен дейміз. Ол үшін интернетке салқынқанды, сауатты қараған дұрыс дейді мамандар. Әрбір ақпаратты ресми сайттармен салыстырып барып, өзгемен бөлісуді ұсынды.