«Жыл сайын тасқынның себебімен емес, салдарымен күресуге бюджеттің ақшасы жетпейді». Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов осылай деді. Бүгін Үкімет сағатында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі талқыланды. Қазгидромет су басу қаупі жоғары аймақтарды атады. 1 мыңнан астам елдімекенге қауіп төніп тұр. Ал жауаптылар өткеннен сабақ алды ма? Мөлдір Жақан жалғастырады.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Көктемге тұп-тура 1 ай қалды. Алайда жұрттың көкейінде қуанышпен қатар уайым бар. Былтыр қарғын судың қарқыны қатты болды. Елдің шырқын бұзып, шырайын кетірген күндерді халық әсте ұмытпады.
ЖАҚЫП АСАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Былтыр естен кетпейтін апатты бастан кештік. Қаншама үйлер, жол, көпір, әлеуметтік-коммерциялық нысандар зардап шекті. Су тасқынына толықтай дайын болғанымызда осының көбін алдын алуға болар еді.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
1 223 елдімекен су басу қаупі бар аймақта орналасқан. Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Абай, Батыс Қазақстан облыстары тәуекелдің жоғары деңгейіне ие. Дегенмен, төтенше жағдайлар министрі «құтқарушылар көктемгі су тасқыны кезеңіне тас-түйін дайын» дейді. Өңірлерде 1 400 су тасқынына қарсы іс-шара жүзеге асырылды.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
Су тасқынына қарсы іс-шаралар республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттармен іске асырылады. Осы іс-шараларды іске асыру су басу қаупін барынша азайтуға және елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Құзырлы министрліктер бірлесіп, «Tasqyn» геоақпараттық жүйесін құрды. Ол 7 күн бұрын 85% дәлдікпен ықтимал су басу аймақтарын болжай алады. Онда 17 мың өзеннің деректер базасы бар. Жүйе өзен деңгейінің ұзақ мерзімді (30 күн) және қысқа мерзімді (15 күн) болжам жасай алады. 556 адам арнайы оқудан өтті. Алғашқы су тасқыны болжамы ақпан айында жарияланады.
БОЛАТ БЕКНИЯЗ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Республикалық меншіктегі 86 ірі су қоймасы цифрландырылды, әрқайсысы бойынша су көлемі, келуі және ағызылуы жөнінде функционал енгізілді. Министрлік орталық, солтүстік және батыс аймақтардағы өзендердің басым учаскелерінде батиметриялық түсірілімдер жүргізді, олардың нәтижелері «Tasqyn» ақпараттық жүйесіне енгізілуде.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Өткен жылғы су тасқыны елдегі тағы бір өзекті мәселенің бетін ашты. Азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесі жолға қойылмаған. Табиғи апаттан келген залалды қалпына келтіруге жұмсалатын шығынның едәуір бөлігін ірі компаниялар өз мойнына алды. Бюджетке айтарлықтай салмақ түсті. Президент мүлікті сақтандыру моделін әзірлеуді тапсырған еді. Алайда мәселенің күрмеуі әлі шешілмеген.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
Көптеген ірі банктер мен қаржы институттары бұл бағдарламаға қаражат бөлуге аса мүдделі емес сияқты. Осыған байланысты қиындықтар бар. Қазір Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкімен жұмыс жүргізілуде.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Апат айтып келмейді. Қазірдің өзінде көршілес Ресейдің кей өңірінде су тасқыны басталған. Синоптиктер мұны «бір ғасырдан бері болмаған жағдай» деп дабыл қағуда. Демек, арқаны кеңге салатын уақыт жоқ. Әйтеуір, жауаптылар атқарылып жатқан шаралар жөнінде барын салып есеп беріп, баяндауға тырысып-ақ бақты. Тек мұның бәрі жалаң сөз күйінде қалмаса игі. Ал олардың өткеннен қаншалықты сабақ алғанын алдағы көктем көрсетеді.