Павлодарда ер адам әкесін қорқытқан.
Ол қарияға күш қолданатынын айтқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 35 жастағы ұлы мас күйінде үйде әкесіне жанжал шығарған. Ұрыс кезінде ересек ұлы дөрекі сөз сөйлеп, әкесіне физикалық жаза қолданамын деп қорқытқан.
– Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін әкімшілік іс қозғалып, қорғау ұйғарымы шығарылды. Материал сотқа жіберілді, – деп хабарлады департаментте.
Сондай-ақ өзінің үйінде отбасылық жанжал шығарып, балағат сөздер айтқан ағасына қатысты шағыммен әйел адам жүгінген. Ер адамға қатысты сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберілді. Сот шешімі бойынша ер адам 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Екібастұзда бауыры әпкесіне жанжал шығарып, оны зорлық-зомбылықпен қорқытып, балағат сөздер айтқан. Әйел адам полициядан көмек сұраған. Бұған дейін ағымдағы жылдың 1 қаңтарында тұрмыс саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін ағасы жауапқа тартылып, сот жәбірленушіні қорғау үшін 30 тәулік мерзімге қорғаныс ұйғарымын шығарған, алайда 29 жастағы ер адам қайтадан үйде жанжал шығарған. Сот оны 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алды.
«Тұрмыс» жедел профилактикалық шарасы барысында 254 қорғаныс ұйғарымы шығарылған. Құқық бұзушының мінез-құлқына 86 ерекше талап қойылды, 82 адамға алкоголь ішуге тыйым салынды, 227 адам отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жазаланды, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 36 ата-ана, көшеде алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 190 адам жауапқа тартылды.