Полиция лифт ішінде жанжал шығарып, қаруға ұқсас затпен жұртты шошытқан азаматты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода азамат Г.А. танысымен бірге әдейі жанжал ұйымдастырып, кейін оны төбелеске ұластырған. Оқиға кезінде ол тапаншаға ұқсас затты шығарып, айналасындағыларға қауіп төндіргендей әсер қалдырған.
«Мұндай әрекеттер қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін, соның ішінде дүрбелең, азаматтардың денсаулығының нашарлауы немесе куәгерлер тарапынан агрессивті реакция туындауы ықтимал. Аталған факті бойынша осы әрекетті ұйымдастырушы ұсталып, полицияға жеткізілді» – делінген Ішкі істер министрлігі хабарламасында.
Бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс материалдары сотқа жолданды.