Қытайлық Су Минь 38 жылдық некеден кейін күйеуін тастап, әлемді шарлауға бел буды. Бірақ ол үшін ажырасуға 22 мың доллар төлеуге тура келді, деп хабарлайды South China Morning Post.
«60 жастағы Су Минь күйеуінен 2020 жылы кеткен. Ал ресми ажырасу рәсімі тек 2024 жылы 9 қаңтарда аяқталған. Ажырасу үшін күйеуі 69 мың доллар талап еткен, алайда келіссөздер нәтижесінде бұл соманы 22 мың доллара дейін азайтуға мүмкіндік туған», — деп жазады басылым.
Еркіндігіне қол жеткізген Су Минь жаңа автофургон сатып алып, саяхатын жалғастырған. Ол бес жыл ішінде 400-ден астам қаланы аралап, өз оқиғаларын бөлісіп келеді.
Су Минь Weibo әлеуметтік желісінде 3,5 миллион оқырман жинады. Ол әйелдерге ажырасу мен жеке өмірін қалыптастыру жөнінде кеңестер беріп, өзінің саяхат оқиғаларын баяндап келеді. Қытайлықтар оны «саяхатшы апа» және «феминизм символы» деп атайды.
Су Минь өзінің отбасы ішінде тек қызметші болғанын және ұзақ жылдар бойы тек әйел мен ана рөлінде өмір сүргенін айтады. Бірақ ол 60 жасында өз өмірін өз қолына алуға шешім қабылдаған.
«Тек 60-қа келгенде ғана өмірдің не екенін түсіне бастадым. Енді мен бостандық пен қуанышқа толы жаңа өмірге аяқ бастым», – деп жазды ол әлеуметтік желілерде.