Түркияда білім алып жатқан қазақстандықты 7 жігіт жабылып сабап, артынша тонап кетті. Аяусыз соққыға жығылған ұлдың анасының жанайқайы әлеуметтік желіде тарады. Әйелдің айтуынша, баласы Сакария қаласында медицина мамандығында оқиды. Елге оралмастан бұрын ол Ыстанбұлға базарлық алуға барған көрінеді. Сол кезде оқыс жағдайға тап болады. Жергілікті тұрғындар оған пышақ тақап, қорқытқан. «Ал полицейлер әрекет етпей жатыр» деп шағымданды анасы.
ҚАРАҚАТ БАЙТҰРҒАНОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:
Балам екі күннен кейін бір айлық демалысына келу керек болған. Мен қуанып, баламның келуіне дайындалып жатқан анамын. Қазір енді ұшайын десе келе алмай отыр, бүкіл киімдерін, құжаттарын тартып алды. Ол жақтағы полиция арызын қабылдамай жатыр.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бас консулдық жәбірленушімен байланысқа шығып, тиісті көмек көрсеткен. Жігіттің құжаттарын дайындап беруге уәде етіпті. Полиция бұзақыларды іздестіріп жатыр.