$521.6 €534.27 ₽5.25
×

Алматы соты Алмас Кішкенбаевқа қатысты қозғалған істі қарауды кейінге шегерді

AstanaTV
03.02.2025ж. 23:11
70
Алматы соты Алмас Кішкенбаевқа қатысты қозғалған істі қарауды кейінге шегерді

Алматыда SuperStar KZ шоуындағы жеңісінен кейін танымал болған әнші Алмас Кішкенбаевтың соты басқа күнге ауыстырылды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Бұған дейін бұл процесс жабық есік жағдайында өтетіні хабарланған болатын, себебі жәбірленуші - жасөспірім бала.

"Сот процесі кейінге қалдырылды, жабық режимде өтуіне байланысты оның себебі беймәлім", - деп жеткізді Zakon.kz тілшісіне дүйсенбіде Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Айта кетсек, Алмас Кішкенбаевқа қатысты жағымсыз жағдай туралы алғашқы ақпаратты журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жазды. Оның айтуынша, әнші үш бөтелке сыраны жеткізуге тапсырыс берген. Тапсырысты 2007 жылы туылған курьер-мектеп оқушысы сағат 21: 00-де оның пәтеріне жеткізген.

"17 жастағы бозбаланың айтуынша, 40 жастағы ер адам сыраға тапсырыс берген. Ол алкоголь сусынды алып, содан кейін курьерге оны өзімен бірге ішуді ұсынған. Сонымен қатар, осы сәтте ер адам 11-сынып оқушысының интимді жерінен ұстауға тырысқан", деп жазды журналист.

Жасөспірім бірден үйіне барып, болған жайтты әкесіне айтып береді, ал ол өз кезегінде Алмас Кішкенбаевтың үстінен құқық қорғау органдарына шағымданды.

31 қаңтарда іс Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісіне келіп түсті. Әнші ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі ("Қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау және басқаларға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер") бойынша айыпталады. Егер Алмас Кішкенбаевтың кінәсі дәлелденсе, онда оған 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады.