$521.6 €534.27 ₽5.25
×

Қазақстандағы ең үздік туристік ауыл анықталды

AstanaTV
04.02.2025ж. 15:00
81
Қазақстандағы ең үздік туристік ауыл анықталды

Еліміздегі ең үздік туристік ауылдар анықталды, деп хабарлайды 24KZ.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» жариялаған байқау мәресіне жетті. Жоба бірегей табиғи ландшафттары бар, дәстүріміз бен қолөнерді сақтаған ауылдық аумақтарды анықтауға және дамытуға бағытталған. Қазақстанның үздік 5 туристік ауылы қатарында Қызылорда облысындағы Нағи Ілиясов елді мекені де бар.

60 жылдық тарихы бар Нағи Ілиясов ауылы тоқсаныншы жылдары тозып кеткен еді. Елді мекен келбетінің адам танымастай өзгеруіне Еңбек Ері Абзал Ералиев сүбелі үлес қосып келеді. Күріш шаруашылығын ширатып, тұрғындарды жұмыспен қамтыған кәсіпкер ауылда бірнеше мәдени-әлеуметтік ғимаратты жаңғыртып, кейбірін жаңадан салды.

«Субұрқақ, саябақ, ойын алаңы, аллеялары бар әдемі ауылға соңғы жылдары туристер де көп келетін болды», – дейді тұрғындар.

Анықбек Қаймолдаев, Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны: - Үлкен-үлкен автобустармен де келеді. Сырттан келген ағайын-тумалар, Астанадан, Алматыдан келгендер ауылға таңғалады. Әсіресе қазірдің өзінде жаман емес. Кешке жақын жарқырайды. Жаздыгүні айнала бәрі гүлзар ғой.

Ауылдың көшелері толық асфальтталған. Газ құбыры да тартылған.

Ауыл әкімі: «Жақын арада әр үйді көгілдір отынға қосу жұмыстары басталады», – дейді. Мұнан өзге де жоспарланған жобалар аз емес.

Сағдат Нұрмағамбетов, Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі: -Туризмді дамыту мақсатында ауылда биылдан бастап біз музей ашуды қолға алып жатырмыз. Ол музейде осы ауылдың еңбекшілерінің өткен тарихын насихаттаймыз сол жерде.

Гүлзат Амангелдиева Алматыда білім алып, туған ауылына оралыпты. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында мектепке мұғалім болып келген.«Заман талабына сай дамыған ауылда тұратынымды мақтан ететемін», – дейді жас маман.

Гүлзат Амангелдиева, мұғалім: - Бірге оқыған студент, группаластарымыз келеді ғой ауылға. Сол кезде осы ауылымыздың керемет табиғатын, керемет әсемдігін көріп, таңданыстарын білдіріп жатады. Қандай керемет ауыл деп. Міне, осындай мақтауларды есту, әрине, өз еліміздің патриоты болуға, осындай ауылда туғанымызға үлкен мақтаныш сезімін туғызады.

Ауылда жастарға да барлық жағдай жасалған. Бірнеше ойын алаңы бар. Ал мына зәулім спорт кешенінде 150-ге жуық бала шынығады.

Бағдат Есенов, Сырдария аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы: - Осы спорт кешенінде республикалық екі жарысымыз өтеді және облыс біріншіліктерінің үстел теннисінен барлығы осы жерде өтеді.

Республикалық жарыстардан, Қазақстан Республикасының чемпионаттарынан және Азия чемпионаттарынан жүлдегерлер де жетерлік. Мамандардың айтуынша, ата кәсіптен қол үзбей, заман талабына сай дамыған Нағи Ілиясов ауылы енді Біріккен Ұлттар Ұйымы өткізетін халықаралық байқауда таныстырылады.