Қазақстанда 2026 жылы аэромобильді такси қызметі пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министр жолаушыларды Алматы әуежайынан Алатау қаласына дейін аэромобиль арқылы тасымалдау мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Сөзінше, аэромобиль – сутегімен жұмыс істейтін шағын тікұшақ. Оған 5 адамға дейін сыяды.
"Қазір бұл технологияны Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың компаниялары жақсы дамытып жатыр. Қазақстандағы компания осы саланы дамытуға қызығушылық танытты. Осы саланы жіті зерттеп жатырмыз, оны пилоттық жоба ретінде қолдану мәселесін пысықтаудамыз", - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Ведомство басшысы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын айтты. Бірінші кезеңде аэромобиль Алматы әуежайынан Алатау қаласына дейін қатынауы мүмкін.