$521.6 €534.27 ₽5.25
×

«Бірге кітап оқиық» жобасы басталды

AstanaTV
04.02.2025ж. 14:40
146
«Бірге кітап оқиық» жобасы басталды

Әлеуметтік желіде отандық және шетелдік шығармаларды насихаттауға бағытталған «Бірге кітап оқиық» жобасы басталды. Жобаның шымылдығы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романымен ашылды. Оны танымал блогер-журналист Санат Ілияс және Жаңабике Қабылда жүргізеді. Олар отбасымен бірге кітап оқып, оқырмандарды осы үрдіске қосылуға шақырады,-деп хабарлайды Astana TV.

Әр он күн сайын келесі оқылатын кітап жарияланып, күн сайын оның оқу барысы мен талқылануы YouTube платформасында, TikTok, Instagram желілерінде шығып отырады. Соңында кітап авторымен немесе белгілі жазушы-публицистпен не болмаса кітаптағы кейіпкермен тағдырлас адаммен сұхбат ұйымдастырылады.

Жобаның мақсаты еліміздің және шетелдік жазушылардың туындыларын халық арасында кеңінен насихаттау және жаппай кітап оқитын ұлтқа айналдыру. Сондай-ақ ата-аналарды балаларымен бірге кітап оқуға шақырып, отбасылық оқу дәстүрін қалыптастыру.Балалар мен жасөспірімдердің арасындағы кітап оқуға қызығушылықты бәсекеге айналдыру.

Жобаның алғашқы қатысушысы ҚР Президентінің Кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли. Ол өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы кітапты көп оқитынын және Мемлекет басшысының жаппай кітап оқитын ұлтқа айналдыру идеясына әр адам өз үлесін қосу керек екендігін айтты.

Берік Уәлиұлы келесі оқылатын туындығаБауыржан Момышұлы атамыздың «Ұшқан ұя» романын таңдады. Ал «Бірге кітап оқиық» аманатын одан әрі жалғастырып келесі шығарманы анықтауды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ханымға ұсынды.

Жоба ережесі:

1.Жобаға қатысушы әлеуметтік желі арқылы халық арасында он күн бойы талқыланған (өзіне ұсынылып отырған) шығармадан үзінді келтіреді.

2. Ұнаған кейіпкері туралы өз ойын айтады.

3. Келесі оқылатын кітапты анықтайды.

4. Келесі оқылатын кітаптың 10 данасын жүргізушілерге сыйға тартады. (Бұл кітаптар сұрақ-жауап жеңімпаздарына тарту етіледі).

5. Ол туындыдан кейін оқылатын шығарманы анықтау үшін «Бірге кітап оқиық» аманатын келесі адамға ұсынады.

6. Әріптестеріне осы оқылатын кітап жөнінде өз пікірлерін әлеуметтік желіде білдіруге кеңес береді.

Кітаппен дос болған адам дүниенің ғажабын танып біле алады. Сондықтан білімнің көкжиегін тек кітаптан ғана табатынымызды ұмытпайық.#БіргеКітапОқиық аманаты жобасынан қалыс қалмай, сізде өз үлесіңізді қосыңыз.