2024 жылы ақылы жолдардан 48 млрд теңге түскен. Осы қаражаттың бір бөлігін көлік министрлігі жол құрылысы үшін алынған қарыздың бір бөлігін жабуға жұмсамақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкіметте баяндама жасаған көлік министрі Марат Қарабаев жолдарды дұрыстап күтіп ұстау үшін ақша керектігін айтады. Сөзінше, бюджетке түсетін жүктемені азайтып, жол өзін-өзі ақтауы үшін реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде «ақылы» статус кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазір республика бойынша ұзындығы 3 мың 200 шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді.
2024 жылы аталған жолдардан түсім 48 млрд теңге түскен. Бұл қаражат сол жолдарды күтіп ұстауға, қарын күреп, қоршауын салып, жарығын қамтуға жұмсалған.
Көлік министрлігі биыл қосымша 4 мың шақырым жолды ақылы еткелі отыр. Олардан келетін түсімдер көлемі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жеткізілмек.
Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылып жатыр», - деді Қарабаев.