"Тақиялы періште" фильміне арқау болған кейіпкер Сакко Қаратаев дүниеден озды. Бұл туралы журналист Дархан Өмірбек Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Нағыз "тақиялы періште" дүниеден озды.
"Тақиялы періште" фильмінің желісі өмірде болған оқиға екенін білесіз бе? Тек кейіпкерлерінің аты Тана емес Айнагүл, Тайлақ емес Сакко.
Сакко – жеті баланың кенжесі. Екі ағасы, төрт әпкесі болған. Екі ұлын ұяға, төрт қызын қияға қондырған анасы жуас кенжесі үйленбей қала ма деп уайымдап, іске кіріскен. Мұның бәрі қалай киноға айналды дейсіз бе? Айнагүл апаның бір қызы режиссер Кәукен Кенжетаевқа тұрмысқа шыққан. Ал ол енесі мен қайын інісінің хикаясын ағасы Шәкен Аймановқа әңгімелеп берген", - деп жазады журналист.
Дархан Өмірбектің айтуынша, Сакконың қызы Әлия Балапанова өзінің ұстазы болған. Ол 2014 жылы осы оқиғаның қалай фильмге айналғанын айтқан.
"Шәкен бұл әңгімені естігенде қатты күліп, Айнакеңнің қимылына риза болған. Көп ұзамай Шәкеннің "Тақиялы періште" атты фильмі түсіріле бастады.
Осылайша, менің әкем мен апам барлығы сүйіп көретін фильм кейіпкерлерінің прототипі болған. Апам мен 17-де болған кезде 94 жасында өмірден өтті. Мен оның ең сүйікті немересі болдым", - деп Әлия Балапанова естелігін бөліскен.