Австралияда сексомния атты сирек кездесетін ұйқы бұзылысына шалдыққан ер адам қыз зорлау ісі бойынша кінәсіз деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy The Guardian басылымына сілтеме жасап.
Сидней тұрғыны 40 жастағы Тимоти Роуленд 2022 жылғы 26 тамызда өзінің үйінде әйелді оның келісімінсіз зорлады деп айыпталған.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға алдында Роуленд пен жәбірленуші барда бірге коктейль ішіп, кейін түнгі 01:00 шамасында ер адамның үйіне барған. Үйде алкоголь ішіп, бірге ваннаға түскен, содан кейін әйел ұйықтап қалған.
Таңертең оянғанда, ол өзін зорлап жатқан ер адамды байқап, оны итеріп жіберіп, пәтерден қашып шыққан.
Алайда сот барысында Роулендтің «сексомния» диагнозы бары дәлелденді. Бұл – адамның ұйқы кезінде саналы түрде басқарылмайтын сексуалдық әрекеттер жасауы мүмкін екенін көрсететін сирек кездесетін неврологиялық бұзылыс.
Сот төрешісі жәбірленушінің ренішін түсінетінін, бірақ адам өзінің саналы түрде істемеген әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын айтты.