Қыс ортасында қайтадан жылусыз қалмаймыз ба? Өткен жылдардағы жылу жүйелеріндегі апаттардан кейін біраз өңір тұрғындары жанын шүберекке түйіп отырғаны жасырын емес. Алаңдайтын себептері бар. Өйткені жылу қазандықтарының 57 пайызы тозып тұр. Олар қашан жаңғыртылады? Еркелді Тілеуқұл жауаптылардан сұрады.
Қақаған қыста жылусыз қалу әдетке айналған. Құбырлар жарылып, тұрғындардың мазасы кететінін жиі көреміз. Салада салғырттықтың барын Президенттің өзі бірнеше рет айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр.
Тәуелсіз сарапшы – Сергей Агафонов болса, биылғы жылу маусымы абырой болғанда апатсыз өтіп жатқанын айтуда. Алайда, дәстүрлі жылда болатын жөндеу жұмыстары мәселені түбегейлі шешпейді әрі қауіпті сейілтпейді, - дейді.
СЕРГЕЙ АГАФОНОВ, "ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖӨНДЕУ, ЖОБАЛАУ, ИНЖИНИРИНГТІК КОМПАНИЯЛАР ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖАБДЫҚТАРДЫ ӨНДІРУШІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ" ЗТБ ТӨРАҒАСЫ:
Жинақталған тозу деген ұғым біздің сөздік қорымызда нықтап тұрып орын алған. Біз жазда жүргізетін жөндеу жұмыстары бір маусымға ғана шақталған. Ауқымды бағдарлама болмаса, осылай жыртықты жамап отыра береміз. Кейбір жылу станциялары апаттық жағдайда әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Бұл жағдайдан шығу үшін инвестиция жасап, ірі қадаммен алға ілгерілеу керек.
Елімізде электр энергиясының да біршама бөлігі жылу электр станцияларында өндірілетінін ескерер болсақ, бұл – қосымша ауыртпалық. Сондықтан, түбегейлі проблеманы шешпестен бұрын, уақытша шара да қолға алған жөн екенін тілге тиек етті. Нақтырақ айтсақ, тарифтік өзгерістерден қашып құтыла алмаймыз, - дейді Сергей Агафонов.
СЕРГЕЙ АГАФОНОВ, "ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖӨНДЕУ, ЖОБАЛАУ, ИНЖИНИРИНГТІК КОМПАНИЯЛАР ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЖАБДЫҚТАРДЫ ӨНДІРУШІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ" ЗТБ ТӨРАҒАСЫ:
Біздің нарықта әлі дифференцияланған тариф орнатылмай жатыр. Бұл коммуналдық мекемелерге ауыртпалықты азайтып, шаруашылықтар, шағын кәсіпкерлердің шығынын азайтатын еді. Себебі, олар өзара қуат көзін тұтыну уақытын келісер еді. Бұл – барлық тарапқа тиімді. 2017 жылға дейін дифференцияланған тариф болып, одан кейін бас тарттық. Сол кез үшін дұрыс шешім. Алайда, қайтаратын да уақыт келді. Ең болмағанда, пилоттық режимде бір қаладан бастасақ, ешкім ұтылмайтынына кәміл сенемін.
Тәуелсіз сарапшы берген ақпаратты Энергетика министрлігі де растап отыр. Еліміздің жылу жүйесі тек былтыр ғана ведомство қарамағына өткен. Соған қарамастан, министрлік ауқымды жоба дайындап, биылдың өзінде жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп сендірді.
ДАРХАН АЛИАКПАРОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ АТОМДЫҚ ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ МЕН БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
2025 жылы 267 қазандық агрегатында жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 23 күрделі жөндеу, 18 ағымдағы, кеңейтілген жөндеу, қалғандары ағымдағы жөндеу. Осы жөндеу жұмыстарының нәтижесінде біз 2025 жылдың қорытындысы бойынша тозу деңгейін түсіретін боламыз.
Жалпы, министрлік үкімет бөлетін қыруар қаржыдан бөлек, тарифтегі өсімді де инвестиция ретінде жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл да ведомство өкілдерінің сөзінше, жөндеу жұмыстарының қарқынын арттырады.