$520.27 €537.65 ₽5.24
×

Шымкенттегі зауыт жұмысшылары төрт айдан бері жалақы алмаған

Шымкенттегі зауыт жұмысшылары төрт айдан бері жалақы алмаған

«Жалақы алмағанымызға төрт ай болды!». Шымкенттегі целлюлоза шығаратын зауыт жұмысшылары арнамызға осылай деп шағым айтты. Жиналғандар еңбекақының уақытылы берілмеуінен қарыз үстіне қарыз жамап, шарасыз күйге түскен. Ал серіктестік өкілдері болса мәселенің туындауын тасымалдаудағы қиындықпен байланыстырып отыр. Тараптарды Айзада Төребекқызы тыңдады.

«Хлопкопром целлюлоза» серіктестігінің жұмысшылары өткен жылдың қазан айынан бері жалақыларын ала алмай жүргендерін айтады. "Несие мен коммуналдық төлемді айтпағанда ішер асты тауып жеудің өзі қиындап кетті" дейді олар. Күтуден шаршаған қызметкерлер басшылықтың құрғақ сөзіне сенуден қалды.

ХАЙДАР МАМЕШОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Басшылық күніге келеді. «2 күн сабыр қылыңдар, 3 күн, осы апта, кейінгі апта» ,-дейді. Күтіп-күтіп осы 4 ай ма, уже 5-ші ай тағы күтіп отырмыз. Адамның да уже сабыры таусылып жатыр.

ӘБДІӘКІМ ӘБДІӘШІМОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Кредит бар, ком.услуга бар, анау-мынау соның бәріне ақша деп келіп жатыр уже. Қазір магазиндер қарызға да бермей қойып жатыр мәселен.

Оңтүстік арнайы экономикалық аймаққа жайғасқан зауыт өкілдерінің айтуынша, үш ауысымда кемі 60 адам жұмыс істейді. Әрқайсының айлық еңбекақысы 200-300 мың теңге шамасында. Ал серіктестік өкілдері зауыт өз жұмысын тамыз айынан бері уақытша тоқтатуға мәжбүр болғанын уәж қылды.

ИСАҒАЛИ ОРТАЕВ, СЕРІКТЕСТІКТІҢ САТУ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:

Біз шығарған өнім тек қана экспортқа кетеді. Ол Қазақстанда пайдаланбайды. Қыркүйек айынан бері теміржол саласынан сәл проблема болғандықтан тасымалдау қиындап кетті. Бұл қиындықтарға қарамастан жұмысымыз жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында бүгінгі күнге дейін жұмысшылардың жалақы ақысы толығымен сақталып тұр.

Жалақыны уақытылы төлемегені үшін енді серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

ҒАЛЫМЖАН ШӘРІПОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қазан, қараша, желтоқсан айларына 50 млн-дай жобасы қарызы бар екенін растады олар. ӘҚбК 87 бабының 1 тармағына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Ал зауыт өкілі жалақының көп ұзамай толық төленетініне сенімді. Ол үшін қажетті шараларды қолға алған көрінеді.