Қазақстанға алыс-жақын шетелден тіс емдеуге келгендер қатары көбейген.
Соңғы 1 жылда стоматологиялық қызмет түрін 100-ден астам өзге мемлекет азаматы алып үлгеріпті. Отандық клиникалардағы озық технологиялар мен тәжірбиелі мамандар сұраныстың артуына себеп болып отыр. Дертіне дауа іздеп келген қонақтарды сала тағы қандай тың жаңашылдықтарымен тартып отыр.
Ресей азаматы Нидерландыны тұрақ еткенімен, ауыра қалса біздің елге асығады. Қалтаға қонымды баға, сапалы әрі нәтижелі қызметі үшін Қазақстанды таңдайтын көрінеді. Айтуынша, Еуропалық стоматологтардың әдістері мен жергілікті мамандар айтарлықтай ерекшеленеді.
Әлия Мулдашева, Ресей азаматы:
- Маған Ресейде дәрігерлер тістерімді түгел жұлу керек деп айтты. Басқаша ем жасауға келмейтінін жеткізді. Арнайы маманға жазылу үшін 4 айдай уақыт керек екен. Мен олай тәуекел етіп ұзақ күте алмадым. Сондықтан, бірден Қазақстанға ұштым. Ол жақта дәрігерлер клиника базасында маған ота жасап, тістерімді сақтап қалды. Өзім мұндай нәтиже күтпеген едім. Қаржы жағынан да үнем болды. Еуропада маған емдеу мен протездеуді қосқанда шамамен 20 мың еуро шықты. Ал Қазақстанда маған 4 мың еуроға тең шығын келді.
Тіс бүлінді дегенше, іш бүлінді дей беріңіз. Бұл нақыл қазіргі күні өзекті. Маржандай тістердің емі де арзанға соқпайды. Қалтадағы қаржысын аямай 32 қаруын емдетуге елге келетін шетелдіктер көп екен қазір. Олардың арысы - Германия, Америка, Англиядан болса, берісі – көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан. Келушілер қатары соңғы 1 жылда үш есеге өсіпті.
Мейрам Раганин, стоматологиялық сарапшылар қауымдастығының президенті:
- Өткен жылы елге келген шетелдіктер өте көп болды. Мысалы, АҚШ азаматтары 40 адам, Англиядан - 21 адам, Германиядан - 126 науқас, Ресейден – 58, Украинадан 12 тұрғын келді. Бұл мемлекеттерден бөлек Италия, Қытай, Польша, Бельгия, Түркиядан да келушілер бар. Қазақстанның шекаралық аймағына әсіресе ресейлік азаматтардың ағылуы жиілеген.
Тиімді қолжетімді қызмет түрін алып өз елдеріне қайтып кету оларға жеңілірек. Сұраныс жаз айларында көбіне өседі. Жалпы өткен жылы Қазақстанға 2 мыңнан астам медициналық турист келді. Шетелдіктер тіс дәрігерінен бөлек кардиохирург, онколог, ортопед мамандарының қызметіне жүгінген.
Бұл туралы 24.kz хабарлайды.