Қазақстанда соғыс жағдайында жертөле, қосалқы үй-жай және жерасты паркингтерін "бомбадан қорғайтын орын" ретінде пайдалану нормасы бекітілді. Бұл туралы ТЖМ мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ақпаратқа сәйкес, ТЖМ бастамасы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп құрылыс нормаларына ғимараттардың элементтерін (жертөлелер, қосалқы үй-жайлар және жерасты паркингтері түріндегі жерасты кеңістігі) қарапайым пана ретінде пайдалану мүмкіндігінің талаптарын енгізу мәселесі пысықталды.
"Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің (2024ж.22.10. №134-НҚ) бұйрығымен 2.04-15-2024 "Қарапайым пана" ҚР Құрылыс нормалары бекітілді. Норматив халықты соғыс жағдайы кезеңінде немесе соғыс уақытында әдеттегі зақымдау құралдарының бағытталмаған зақымдаушы факторларынан қорғауға арналған қарапайым жасырын пана қызметін атқаратын үй-жайларға қойылатын міндетті талаптарды қалыптастырады. Осы нормалардың талаптары адамдар көп жиналатын объектілердің 16 түрін қамтиды", – делінген хабарламада.
Ведомство мәлімдеуінше, халық үшін қарапайым паналарды пайдалану "Азаматтық қорғаныс объектілерін құру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Үкімет қаулысымен айқындалған.