$520.27 €537.65 ₽5.24
×

WSJ: АҚШ-тың ғарыш айлақтарында кептеліс болуы мүмкін

AstanaTV
05.02.2025ж. 10:50
73
WSJ: АҚШ-тың ғарыш айлақтарында кептеліс болуы мүмкін

Көліктің көбейгені жолда кептелісті көбейтеді. Қазір Астана, Алматының проблемасы осы. Бұл мәселені билік шешуге тырысып жатқанмен, жағдай оңалған жоқ. Енді жердегі көлік кептелісі былай тұрсын, аспанда да кептеліс туындайтын түрі бар.

Алдағы жылдары АҚШ-тың ғарыш айлақтарында кептеліс болуы мүмкін. Бұл тұжырымды The Wall Street Journal басылымы хабарлады.

Былтыр АҚШ ғарышқа 145 зымыран ұшырды. Бұл – бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Америкалық миллиардер Илон Масктың SpaceX компаниясы мен НАСА ғарышқа көбірек жерсерігі мен жүк жіберуге ниетті.

Жалпы АҚШ-та 14 ғарыш айлағы бар. Бірақ компаниялар 3 ғарыш айлағын жиі пайдаланады. Олардың екеуі Флорида, біреуі Калифорния штатында. Алайда олардың ұшу кестесі қазірдің өзінде бірнеше жылға толып қалған.

Джонатан Макдауэлл, астрофизик (АҚШ): - Ғарышқа зымыран ұшыру былтыр күрт көбейді. 2024 жылы АҚШ орбитаға 145 зымыран ұшырды. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 5 есе көп. Мамандар мұның өзі көп дейді. Ал келешекте ұшырылатын зымыран саны еселеп артпақ. Оның ішінде SpaceX-тің қарқыны қатты.

Джордж Нилд, Commercial Space Technologies компаниясының президенті (АҚШ): - Қолайсыз күн райы немесе ғарыш айлағындағы апат біздің жұмысымызды айлап, тіпті жылдап тоқтатып қоюы мүмкін. Бұл үлкен мәселеге айналады. Өйткені бүгінде біз ғарышқа қатты тәуелдіміз. Ғарыш ісін тоқтатып қою – қауіпті стратегия. Аляска штатына қарасты Кодьяк аралындағы тағы бір ғарыш айлағы жылына тек 3 зымыран ұшырып келген. Қазір санын 25-ке дейін көбейтуге әрекеттеніп жатыр. Ол оңай шаруа емес. Ресми рұқсат керек. Осылайша, АҚШ келешектегі кептеліс мәселесін қазірден шешуге тырысып әлек.

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.