Министрлер ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Өйткені жылы орынға жайғасқандар балаларын баға алмай жүр. Қараусыз қалдырып, әбден тоздырған көрінеді. Бұл бассыздықтың бетін депутаттар ашты. «Шенеуніктер не көңіл бөлмейді, не қамқорлыққа алмайды» деген мәжілісмендердің ақ жағалыларға реніші қара қазандай. Міндетіне мін жұқтырған кімдер? Тақырыпты әріптесім Аружан Задабек жалғастырады.
Былтыр Алматыда болған жер сілкінісі әлі есте. Халық қақаған қыста далада қалды. Тіпті, киімсіз көше кезіп, не істерлерін білмей дал болғандары бар. Сол кезде сейсмикалық орталық сәл ерте айтса қайтеді деп шу ете қалдық. Халықтың жан айқайынан кейін ес жиды ма десек, естерінде де қалмапты.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Осыдан сіздерде қорытынды шықты ма? Сейсмикалық орталықтарды жаңадан салу мүмкіндігі бар ма? Өйткені заң жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 873,2 млн теңге сомасында қаражат сұрап отырсыздар.
Депутаттың мініне министр міз бақпады. Соңғы жер сілкінісі кезіндегі министрліктің жұмысына жауапты тұлғалар, тіпті, Мемлекет басшысының оң бағасын берген деп қатырды.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
Барлық алгоритм жұмыс істеді. Ақпарат жүйесі уақытылы ақпарат берді.
Сейсмикалық орталық жаңа норма бойынша төтенше жағдай министрлігінің құзырына кіреді. Ал, енді мынаған қараңыз. Үлкендер балаларын тәрбиелемесе, қараусыз қалса қорғаншылық және қамқоршылық органдары ата-ана құқығынан айырады. Сейсмология институты –министрлік мейірімінен айырылған сәби сияқты. Осылай деген депутат жұмысына салғырт қараған өкілдерді сынады.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Мен сейсмикалық станциялардың көбін араладым. Біразы қоқысқа, металл сынықтарына толы. Сейсмологтар Алматының орталығында канистрмен су тасып жүр. Мүмкіндік жоқ.
Министр бұл жолы да тосылмады. Мәселені ата-ана құқығы деп қарайтын болсақ, бізді ғана емес, біраз мекемені жазалау керек деп әзілдеді.
Бүгін мәжілісте қаралған заңның басты мақсаты – төтенше жағдайдан жұртты қорғау. Бірақ норманың бірде-бір бөлімінде су тасқыны туралы сөз жоқ. Былтыр көктемде Қазақстанның бірнеше аймағында үлкен су тасқыны болды. Апат салдарынан 200-ден астам елдімекен зардап шегіп,17 мың үй су астында қалған. Одан сабақ алса жақсы ғой. Министрден биылғы дайындықты сұрасаң "сол кезде көреміз" деумен шектелді. "Тасқын қайталанса сіз де орныңызды босатасыз ба?" деп сұрап едік, қысқа қайырды.
Әріновтің әңгімесі мұнымен бітпейді. Бізде шахтада болатын апат та аз емес. Талай жұмысшыдан айырылып, талай бала жетім қалды. Бұл – көңілге қаяу салады. Әсіресе 28 жыл бойы осы салада қызмет еткен депутаттар үшін ауыр тақырып. Олар мәселенің күрделі екеніне тоқталып, өлімді естірткен кездерін еске алды. Жаңбыршин жанындағы жолдастарының көңілі түскенін бірден байқап, жауаптыларға бас салды. «Қара жамылып отырған үйлерге өздерін апарайық, сонда түрлеріңді көрерміз» деп ашынды.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бізге адамның өмірі қымбат. Жана айтты 30-дан аса үйге Сатыбалдин барған. Сіздерді ертіп апарайық. Жана қара жамылып отқан үйге. Не деп айтар екенсіздер сол адамдарға.
Соңғы 10 жылда түрлі өндірістік авариядан 16 мың адам зардап шекті. Ауғанстандағы соғыс кезінде 14 мың адам зардап шеккенін ескерсек, Қазақстанда соңғы 10 жылда техногендік соғыс болып жатқандай.