$515.97 €537.8 ₽5.25
×

Жамбылда ірі шаруа қожалық иелері қорасы бар тұрғындарға төрт түлігін таратып жатыр

05.02.2025ж. 20:00
77
Жамбылда ірі шаруа қожалық иелері қорасы бар тұрғындарға төрт түлігін таратып жатыр

Жамбылда ірі шаруа қожалық иелері қорасы бар тұрғындарға төрт түлігін таратып жатыр. Басы бүтін тегін бермейді, тауарлық несие ретінде үлестіреді. Мақсат қандай? Берік Жұмабай айтады.

 «Атай» шаруа қожалығының жетекшісі Абай ауылының екі азаматына елу-елуден саулық берді. Оның құны 6 млн теңгеден асады. Қойлы болып қалған қос тұрғын, алған малдың 50 пайызын төлдетіп барып қайтарады. Өтеу мерзімі 5 жыл болса, бірінші жылы төлем жасалмайды. Ол тек мал санын көбейтуге беріледі. Мұның тиімді тұсы ақшалай емес, алған 50 қойдың жартысын, яғни қалған төрт жыл 25 қозыдан беріп құтылады.

ҚАЛИСҰЛТАН ТІЛЕПБЕРГЕНОВ, ШАРУА:

Біз үшін де тиімді, пайдалы болып жатыр. Жәрдемдесетін, қол ұшын беріп, дамуымызға себепкер болып жатқан, өрісіміз кеңейіп жатса біз де осындай ағаларымызды үлгі тұтып, жәрдемдесуде құдай қаласа бәрі жақсы болады деген сенімдеміз.

Ұсақ малдан бөлек жылқы мен сиыр да алуға болады. Тауарлық несие алушылар малды сақтандыру шартын жасап, кепілге мүлік қою көзделген. Бірақ, екі жақ өзара келіссе ол да міндетті емес. Қолайлысы, бұл бағдарламаға қатысатын қос тарап ортада делдал болмас үшін алыс-берісті өздері таңдап, өзара шешеді.

ТӨЛЕБЕК ҚҰЛЕКЕЕВ,ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірінші кезекте кем дегенде 30 қой немесе 15 сиырдан беріледі. + Жыл соңына дейін бізде енді осы бағыт бар. 80-ге жуық келісімшарт жасаймыз деп көздеп отырмыз. 9 осындай ірі операторларды анықтап отырмыз. +4 мың бас қой, 150 басқа жуық сиыр таратамыз деп жоспарлап отырмыз.

Президент мал көбейту үшін тауарлық несие берудің тиімді тетіктерін қарастыру керегін айтты. Шу ауданының шаруалары тәжірибеге енгізген жаңа бастама төрт түлік санын арттырып, жұмыссыздықты азайтып, аз қамтылған отбасыларға қолдау болмақ.