Қыс бітуге жақын, ал жылы аялдамалар әлі күнге дейін іске қосылмаған. Қызылжарда қоғам белсенділері мәселе көтерді. Жергілікті әкімдік желтоқсан айында қаланың негізгі көшелеріне 20 аялдама орнатқан. Олар қыста жылы, жазда салқын болуы тиіс. Алайда, әлі күнге дейін коммуникациялық желілерге қосылмаған. 20 аялдамаға жергілікті бюджеттен бақандай 170 миллион теңге бөлінген. Демек, әрқайсысының құны 8.5 миллион теңге шамасында.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Бұл аялдамалардың интернеттегі бағасы 2.5-3 млн теңгенің төңірегінде. Алайда не үшін қымбат екені белгісіз. Негізі бұндай қаражатқа біздің Петропавлдан бір бөлмелі немесе жатақханадан бір бөлме сатып алуға болады.
Жергілікті билік өкілдері аялдамалардың азынап тұрғанын бюрократиялық кедергілермен түсіндіреді. Яғни, нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы ұзақ дайындалған. Шенеуніктер олар жақын арада іске қосылады деп сендірді.
ӘСЕМ АЙТУЛОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қазіргі кезде аялдамаларды электрқуатына қосу жұмыстары жасалып жатыр. Барлық аялдамалар бойынша псд жасалды, техусловие алынды. Қазір қосылу жұмыстары алынып жатыр. Остановканың бағасына псд жасау және бір жыл бойы аялдаманы күту бойынша жұмыстар кіреді.