Парламент Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында Жамбыл облысындағы тозығы жеткен аудандық ауруханалардың күрделі жөндеуіне қаражат бөлу мәселесін қарастыруды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат Үкіметтің 2024 жылғы 12 маусымдағы № 454 қаулысымен «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітіліп, республика бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымы объектілерінің тозу дәрежесін 2023 жылғы 49,3%-дан 2030 жылға дейін 30%-ға дейін төмендету межесі белгіленгенін еске салды.
«Бүгінгі күні қолданыстағы аудандық ауруханалар инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде «алтын уақыт» қағидатын сақтай отырып шұғыл медициналық көмекті, сондай-ақ ірі қалаларға бару қажеттілігінсіз мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті толыққанды көрсете алмайды. Жамбыл облысы бойынша қолданыстағы 10 аудандық аурухананың тозығы әбден жетіп, ауыл халқына сапалы медициналық көмекті тиісті деңгейде көрсете алмай отыр», - дейді мәжілісмен.
Мәселен, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Мойынқұм ауданының 110 төсек-орынға арналған орталық ауруханасы 1954 жылы салынса, облыстағы ең жаңа 198 төсек-орынға арналған аудандық орталық аурухананың ғимараты Шу ауданында 2011 жылы қолданысқа берілген. Қазіргі уақытта заманға сай халықаралық медициналық стандарттардың өзгеруіне және өңірлердегі ауыл халқының артуын ескерсек, барлық аудандық аурухана ғимараттары қайта жаңғыртуды қажет етеді, деп жалғастырды сөзін Ескендіров.
«Бүгінгі күнге Жамбыл облысы әкімдігі тарапынан іске асыру құны 38,7 млрд теңгені құрайтын 4 аудандық аурухана ғимаратын қайта құру және қосымша ғимарат салу үшін жобалар әзірленіп, жоғары тұрған бюджеттен қолдау таппай отыр», - дейді депутат.
Атап айтқанда:
- Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы 115 төсек-орынға арналған орталық аурухана ғимаратын қайта жаңғырту жобасына – 2 611,5 млн теңге;
- Жамбыл облысы Жуалы ауданында 100 төсек-орынға арналған орталық аурухана және 250 төсек-орынға арналған емхана ғимаратын салу жобасына – 29 969,5 млн теңге;
- Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы 129 төсек-орынға арналған орталық аурухана ғимаратын қайта жаңғырту және жапсарлас ғимарат салу жобасына – 3 561,5 млн теңге;
- Жамбыл облысы Талас ауданындағы 140 төсек-орынға арналған орталық аурухана ғимаратын қайта жаңғырту және жапсарлас ғимарат салу жобасына – 2 609,5 млн теңге.
«Алайда қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы «Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы» № 126 бұйрығының 5-1 тармағына сәйкес, республикалық бюджет есебінен кемінде 200 төсек-орындық көпбейінді және туберкулезге қарсы ұйымдардың, кемінде 200 төсек-орындық перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың және ауысымына кемінде 250 адам қабылдайтын қуаттылығы бар емханаларды салуға, реконструкциялауға, кеңейтуге және жаңғыртуға арналған шығыстар қаржыландырылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» № 270 қаулысына сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында денсаулық сақтау саласының тек алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілерін салу, реконструкциялау, кеңейту және күрделі жөндеу шығындары қаржыландырылады. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытуды көздейтін шығындар қомақты қаражат талап етеді және республикалық бюджеттің қолдауынсыз қордаланған мәселені ширату жергілікті бюджетке ауыртпашылық түсіруде. Алайда қолданыстағы заңнама аталған мәселелерге республикалық бюджеттен қажетті қаражатты бағыттауға өз кедергісін келтіріп жатыр», - деп мәлімдеді Ескендіров.
Депутат жаңа Бюджет кодексіне сәйкес облыстық бюджеттен корпоративтік және жеке табыс салығының түсімдері толықтай аудандық деңгейге берілгенімен денсаулық сақтау және білім саласының шығындары облыстық деңгейде қаржыландырылатынын атап өтті.
«Жоғарыда аталған жүйелі мәселені шешу үшін, өңірлердегі орталық аурухана ғимараттарын қайта жаңғырту, күрделі жөндеу және кеңейту жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» № 270 қаулысына және қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы «нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы» № 126 бұйрығына тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізуге ықпал етуіңізді сұраймыз», - деді Ескендіров.