Түркістан облысындағы Мақтаарал мен Жетісай ауданы тұрғындарының басым бөлігі мақта шаруашылығымен айналысады. Ала көктемнен шит сеуіп, жаз бойы еңбектенетін ағайын ақ алтынды күзде жиып, жергілікті зауыттарға өткізеді. Шитті мақта сол жерде өңделеді. Шикізат өзге елдерге экспортталады.
Асық ата кентіндегі мақта өңдеу зауыты былтыр 16 мың тонна ақ алтын қабылдаған. Оны үш ауысымда өңдеп, шитінен тазартуға жүзге тарта жұмысшы жұмылдырылған. Зауыт жұмысшыларының бірі - Жарқынбек Пантаев. Ол мақта түту цехында бес жылдан бері еңбек етеді. Бұл жердегілердің міндеті түтілген мақтаны біріктіріп, сыртынан сыммен орап, пресстеу. «Жұмыстың оңайы жоқ, бірақ адал еңбектің наны тәтті»,- дейді Жарқынбек.
ЖАРҚЫНБЕК ПАНТАЕВ, ЖҰМЫСШЫ:
Мақтамен жұмыс істегеннен кейін шаң - тозаңның арасында жүресің.Жұмыстың кейде ауыр кезеңдер де болады, оңай кезең де. Ол әр волокноның өзінің салмағы болады, 220-230 килограмда. Жұмыс енді түнгі уақыттарда құс ұйқы дейміз енді, ұйқы сәл кішкене қысатыны бар.
Зауыт жұмысшылары маусым кезінде уақытпен санаспайды. Гүлзира Айтқожаеваның мұнда келгеніне 16 жыл болыпты. Ол мақтаның орамасын тігеді.
ГҮЛЗИРА АЙТҚОЖАЕВА, ЖҰМЫСШЫ:
Бұл жерде шапшаңдық және жылдам қимылдауды талап етеді. Жылдам қимылдамасаңыз болмайды. Жұмысым өзіме ұнайды. 15-16 жыл болып қалды істеп жатқаныма. Үш смен болып айналымда жүреміз ауысып.
Зауыт жұмысшыларының 85 проценті -орта жастан асқандар мен зейнеткерлер. Жастар келе бермейтін көрінеді. Сондықтан маман тапшы дейді зауыт өкілі. Өндіріс орны жылына төрт айдай ғана жұмыс істейді. Оның үстіне шаң-тозаңның ортасы болғандықтан жастар келгісі келмейтін көрінеді.
ЕРБОЛ ҚАЛДАРОВ, ЗАУЫТТЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:
Специалистер жоқ. Слесарь керек бізге основной. Операторлар керек, машиналардың жұмысшылары. Ондай мамандық аз. Жас мамандарды үйретеміз. Зауыт тоқтағаннан кейін басқа жұмысқа ауысып кетеді да. Жастар мәселесі қиындау бізде, жұмысшылар мәселесі.
Қазір жұмыс қарқынды. Айына 4 мың тоннадай мақта өңделеді. Қоймаларда тізіле жиналған тай мақталар бірер күнде Түркия мен Қытайға жөнелтілмек. Ал жалпы зауыт жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істеуге қауқарлы. Ол үшін кемінде 60 мың тонна мақта жинау қажет.