Қызылордадағы Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты материалдық техникалық базасын жаңаламақ түгілі, қызметкерлерінің еңбекақысын уақытылы төлей алмауда. Мәселені мәжілісмен Мұрат Ергешбаев көтерді. Ол ғалымдардың жұмысы тиісті деңгейде қаржыландырылмай, еңбектері еш кетіп жатқанын айтты. Интитуттың ахуалымен аймақтағы тілшіміз танысты.
Мұнда күріш тұқымы жан-жақты зерттеліп, биометриялық сараптама жасалады. Әрбір дән сабағынан ажыратылып, салмағы мен ұзындығына дейін өлшенеді. Сапасы ғана емес суға, ыстыққа төзімділі де тексеріледі. Бұл жұмыстың барлығы мамандар қолымен жасалады. Ал автоматтандырылған жаңа қондырғы қойылса дәлдік пен нақтылыққа қол жеткізіп, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді дейді мамандар. Бірақ 90 жылдық тарихы бар институт ғалымдарына жаңа қондырғылар әзірге арман. Себебі олар еңбекақыларын уақытылы алса қуанатын жағдайда.
ГҮЛІМ МҰСТАФАЕВА, ЛАБОРАНТ:
70 градус ыстықта күннің астында жүреміз. Қашан дән басын алғанша соны батпаймыз анау жинаймын дегенше. Одан соң оны жинаймыз, арпа-бидай піскенде. Қырманға әкеліп оны өңдейміз. Содан кейін барып ішке кіргізіп, санау жұмысы басталады. Қаладан қатынайтын қыздар бар. маршрутпен қатынайды. Бізде апаратын көлік жоқ. Жағдай жоқ. Айлық мәселесі де қиын бізде. 2,3,4 айлап алмайтын кездер болады қыздардың.
Мұндағы құрылғылардың кейбірі Кеңес заманынан келе жатыр. Бірін әупірімдеп пайдаланса, енді бірі істен шыққан. Соған қарамастан ғалымдар ізденуді тоқтатқан емес. Үздіксіз зерттеу жұмыстарын жасап, суды үнемдеу мақсатында тер төгуде. Институтта 70 адам ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Бірақ мәселесі қордаланған салаға жастардың тұрақтауы қиын дейді мамандар.
ЖАНҰЗАҚ БАЙМАНОВ, ЫБЫРАЙ ЖАҚАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ғылыми атағы бар адамдардың көбісі орта жастан асқан азаматтар. Оның басты себебі ғылыми кадрлардың жалақыларының тұрақты болмауы. Екінші мәселе техниканың жоқтығынан. Егер жағдай жасалатын болса, жастардың институтқа келіп, ғылымды әріқарай дамытуыға көп жағдай жасалады деген ойдамыз.
«Біз институттың мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз». Депутат Мұрат Ергешбаев осындай пікірде. Ғылыми негізделген жұмыстар арқылы ғана өндірістің өнімділігін арттыра аламыз дейді ол. Сондықтан жауапты министрлікке ұсыныстарын жолдады.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
2025-35 жылдар аралығында Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының ғылыми кадрмен қамтамасыз етуге, материалдық-техникалық әлеуетін дамытуға, селекция, тұқым шаруашылығы және лаборатриялық базасын жаңғыртуға ұсынып, оң экономикалық оң қорытындысын алған құны 4 млрд 148 млн теңге құрайтын мемлекеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруды осы жылдан бастап қолдауды сұраймын.
Институт ғалымдарының аймақтағы күріш өнімділігін арттыру мақсатында жасаған еңбектері ұшан теңіз. Бүгінде олар мал азығы дақылдарын зерттеп, әртараптандыру бағытында да жұмыс істейді. Ал бір жаңа сұрыпты шығаруға көзмайларын құртып, кемі 5 жылын сарп етеді.