$515.31 €533.96 ₽5.3
×

Қостанай облысындағы су қоймаларының жағдайы мүшкіл

06.02.2025ж. 20:00
64
Қостанай облысындағы су қоймаларының жағдайы мүшкіл

Тобыл өңіріндегі кейбір су қоймаларына елу жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмей келеді.Тозығы жеткен гидротехникалық құрылымдар бұзыла бастады. Темір қақпаларын тот басқан. Былтыр аймақтағы екі ірі су қоймасы аз да болса жөндеу көрген. Алайда қатты су тасқыны қайталанса,бөгеннің төтеп беруі екіталай.Сала мамандары ерте қамдану керектігін ескертіп отыр.

Қостанай іргесіндегі Амангелді су қоймасы алпыс жыл бұрын салынған. Сол заманнан бері күрделі жөндеу көрмеген.Он жыл бұрын қайта жаңғырту туралы шешім қабылданыпты.Сол тұста қаражат та бөлінді. Бірақ мердігер материалдар қымбаттап кетті деген сылтаумен межелі жұмысты аяқсыз қалдырған.

БЕРІК ҚАРСАҚБАЕВ, АМАНГЕЛДІ СУ ТОРАБЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Су бөгегіш темір қақпалар, бетон жиектері толық ауыстырылуы тиіс еді. Одан кейін көтергіш кран, оның темір жолын толық жөндеу көзделген болатын. Гидротехникалық нысанның аумағын, қоршауын қалыпқа келтіру керек еді. Оның бірде-бірі істелмеді. Ұзақ жылдардан бері қолданыста болғандықтан металлдардың тоттануы, қазіргі кездегі негізгі мәселе.

Мамандар қол қусырып отырған жоқ.Қолдан келгенше қамданып жатыр.Былтыр электр желісін жаңартыпты.Көне кранды да жұмыс қалпында ұстауға барын салуда.Ал аймақ басшылығы екі ірі су қоймасына ерекше назар аударып отыр.Олар - Қаратомар мен Жоғарғы Тобыл.

БЕРІК ТАҢЖАРЫҚОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Екі үлкен су қойманы жөндеу басталды. Былтыр 250 миллион тенге қаражат бөлінді. Енді жоспар бойынша 600 миллионға дейін 2025 жылы да бөлінеді. Оның негізінде бетон жұмыстарымен шандорларды беткіту солардың жұмыстары бекітілген. Жоспар бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары өтілді. Қазіргі таңда мердігерлер таңдалып, көктемге қарай жұмыстарға кірісетін болады. Және де облыс бойынша шамамен 30 жуық дамбалар жөнделді.

Су қоймаларын жаңғырту үшін кешенді жоспар жасалған.Жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат қажет дейді, «Қостанай су шаруашылығы» мекемесінің басшысы.

ДӘУРЕН ӘБДІҚАМИТОВ, «ҚОСТАНАЙ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ» РҚК ҚОСТАНАЙ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Кешенді жоспарға сәйкес, Жоғарғы Тобыл су қоймасын жаңғырту 2025-26 жылдары, Қаратомарды 2026-27 жылдары, ал Амангелді су торабында күрделі жөндеу 2027-28 жылдары жүргізіледі. Әрине көп қаржы керек. Бір ғана Жоғары Тобыл қоймасын бастан-аяқ қалпына келтіруге 4,8 миллиард тенге қажет деп жобалап отырмыз.

Мамандардың айтуынша аймақтағы 6 бөген орташа есеппен 65 процентке толы. Алдағы ауа-райы болжамына қарай, қоймадағы су мөлшері реттеліп отырады.