Мәскеу маңындағы Старориазанское тасжолында түн ішінде 11 айлық қыз бала табылды. Сәбиді байқаусызда көлік қағып кете жаздаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
112 Telegram арнасының хабарлауынша, оны Баха есімді жүргізуші байқап қалған. Алғашында ол жол үстінде жатқан нәрсені мысық немесе ит деп ойлап, айналып өтпек болады. Алайда жақындағанда, оның сәби екенін көріп, шошып кетеді.
«Жігіт сәбиді көре сала дереу тоқтап, баланы көтерді. Бір қабат көйлекпен ғана жатқан сәби қатты тоңып, денесі көгеріп кеткен. Жүргізуші оны көлігіне отырғызып, көрпеге орап, жылытқышты қосқан соң, бірден полиция шақыртқан. Ең қорқыныштысы – сәбиді жолдан көтеріп алғаннан кейін, тасжол бойымен бірнеше жүк көлігі зулап өткен. Олар нәрестені байқамай, басып кетуі әбден мүмкін еді», – делінген хабарламада.
Біршама уақыттан кейін қараңғыдан егде жастағы әйел жүгіріп келіп, баланың немересі екенін айтып, оны қайтаруды талап еткен. Бірақ жүргізуші сәбиін жедел жәрдем келгенше ешкімге бермеген.
Кейін белгілі болғандай, әйел психикалық дертке шалдыққан және жуырда ғана емделіп шыққан. Туыстарының айтуынша, ол немересін түнде үйден алып кетіп қалған. Ал сәбидің әжесінің қолынан қалай шығып, тасжолда қалай тап болғаны белгісіз.
Қыздың ата-анасы баласын құтқарып қалған жүргізушіге алғыс білдіріп, ақша ұсынбақ болған, бірақ ол сыйақыдан бас тартты.
Дәрігерлердің айтуынша, сәби жеңіл үсік шалып, қатты тоңып қалған.