$515.31 €533.96 ₽5.3
×

Кредитті уақытынан бұрын жабамын деп айыппұл төлеп жүрмеңіз: агенттік қазақстандықтарға кеңес берді

AstanaTV
07.02.2025ж. 13:07
82
Кредитті уақытынан бұрын жабамын деп айыппұл төлеп жүрмеңіз: агенттік қазақстандықтарға кеңес берді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несиені мерзімін бұрын өтегенде банк қандай жағдайда айыппұл салатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Несиені мерзімінен бұрын өтеу қарыз алушыға артық төлемді азайтуға және қарызды тезірек жабуға мүмкіндік береді. Алайда төлем жасамас бұрын бірнеше маңызды факторды ескеру қажет», - деп кеңес берді агенттік.

Біріншіден, банкпен жасалған келісімшарттың талаптарын бір оқып шыққан абзал. Қазақстан заңнамасы кредитті мерзімінен бұрын жапқаны үшін айыппұл салуға тыйым салады, бірақ бірнеше талап бар:

егер несие мерзімі бір жылға дейін болса, банк алғашқы 6 ай ішінде кредитті толық өтеген кезде өтемақы ұстауы мүмкін;

егер несие бір жылдан ұзақ мерзімге рәсімделсе, алғашқы 12 ай ішінде кредитті өтегені үшін айыппұл салынуы мүмкін.

Сондай-ақ, банк берешекті мерзімінен бұрын өтеу үшін арнайы өтініш талап етпейтінін де тексеру қажет.

Екіншіден, қарыз сомасын нақтылаңыз. Егер мерзімі өткен төлемдер немесе айыппұлдар болса, ақша алдымен соларды өтеуге жұмсалуы мүмкін. Сондықтан банкке хабарласып, қарыздың нақты сомасын анықтау керек.

Үшіншіден, несиені өтеу әдісін таңдаңыз. Кредитті мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеуге болады. Толық өтегенде несиеге қосылған пайыздармен бірге бүкіл қарыз жабылады. Ал ішінара өтеу кезінде артық төлем қысқарып, берешектің негізгі сомасы азаяды. Бұл жағдайда несие мерзімін қысқарту немесе ай сайынғы төлем мөлшерін азайту нұсқасын таңдауға болады. Әдетте, бірінші нұсқа тиімдірек.

Төртіншіден, несие төлеу тәртібін тексеріңіз. Кейбір банктер несиені мерзімінен бұрын өтеуді арнайы мобильді қосымша арқылы жасауды немесе банк бөлімшесінде өтініш жазуды талап етеді. Егер ақшаны жай ғана шотқа салып қойсаңыз, олар несие кестесіне сәйкес есептеліп, қарыз сомасы азаймауы мүмкін.

Бесіншіден, несие төленгенін растайтын анықтама алыңыз. Кредитті толық өтегеннен кейін, банктен қарыздың жабылғанын растайтын құжат талап етіңіз.

Сондай-ақ агенттік азаматтарға несие тарихын бақылап отыруға кеңес береді. Несие жабылғаннан кейін, кредиттік бюролардың сайтынан өз кредит тарихыңызды тексеруге болады. Егер қандай да бір қате тапсаңыз, банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгініп, растайтын құжаттарды ұсыныңыз.