Жамбыл облысының Байзақ ауданында 51 жастағы мектеп жұмысшысы ағаштарды кесу кезінде құлап, оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы оқиғаны облыстық Білім басқармасы растады.
Ресми хабарламада 2025 жылғы 30 қаңтарда Байзақ ауданы Дихан ауылының тірек мектебінде техникалық қызметкер шаруашылық жұмыстарын орындау кезінде жарақат алғаны, соның салдарынан қайтыс болғаны жазылған.
– Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған қоса, уәкілетті органдар арнайы тергеу жүргізіп жатыр. Оған Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің өңірлік департаментінің басшылығымен Байзақ ауданының білім бөлімі өкілдері қатысып жатыр, – деп хабарлады ведомство.
Өз кезегінде Жамбыл облыстық Полиция департаменті 51 жастағы жұмысшының қаза болуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Бұл бапта еңбек қауіпсіздігі ережелерін ұйымдастыру немесе қамтамасыз ету міндеті жүктелген тұлғаның заңбұзушылығы, соның салдарынан абайсызда адам өліміне әкелгені үшін жауапкершілік қарастырылған.
Аталған бапқа сәйкес, кінәлі азаматты белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейін айырып немесе онсыз, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті сараптамалар жүргізілуде,-деп хабарлайды kaz.inform.kz.