Қазақ жауынгерлері жеңіспен оралды. Дубай төрінде өткен SWAT Challenge әлемдік жарысында Қазақстанның 5 бірдей командасы алғашқы ондықтан көрініп, ел абыройын асқақтатты. Батырларды қарсы алу рәсімі сән-салтанатымен әуежайда ұйымдастырылды.
Ел намысын қорғаған сарбаздарды туған-туыстары мен әріптестері ыстық ықыласпен күтіп алды. Дубай төрінде атой салған батырларды министр құттықтады.
Дүбірлі додаға биыл 50-ге жуық мемлекеттен 100-ден астам команда қатысты. Қазақстанның күштік құрылымдарының атынан 12 команда бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша Ішкі істер министрлігінің "Сұңқар" арнайы жасағы күміс жүлде иеленді. Сондай-ақ, Қазақстанның тағы төрт командасы үздік ондыққа енді.
МАДИЯР ТЕЛЕУЛИНОВ, "АРНАУЛЫ МАҚСАТТАҒЫ "А" ҚЫЗМЕТІ" КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ :
Айтады ғой жігітті намыс өлтіреді дейді. Біз сол намысқа тырысып, осы қазағымыз үшін, қазақ еліміз үшін, біздің қызметтеріміз үшін, осы жердегі отбасымыз туған-туысқандарымыз үшін барынша тырыстық.
Тартысты бәсеке 5 күнге жалғасты. Биыл әлем біріншілігіне алғаш рет қазақ қыздары да қатысты.
ҚҰРАЛАЙ ҚАБЫРАЙҚЫЗЫ, "ТОМИРИС" КОМАНДАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Томирис командасы бірінші рет осы әлемдік деңгейдегі жарысқа қатысып тұрмыз. Біздер өте жоғары деңгейде дайындалдық. Осы оқу-жаттығу жиыны астанада өтті.Сол еңбегімізге қарай қазіргі кезде қыздар арасында екінші орынды иелендік.
Осылайша, ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған қазақ жауынгерлері қарулы күштеріміздің жоғары әлеуетін әлемге танытты. Өршіл рух пен қайсар мінездің арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізді.