«Үкімет ұсынған қосымша құн салығының мөлшерлемесі тым жоғары». Отандық бизнес өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы салыққа қатысы мәселені егжей-тегжейлі талқылауды тапсырды. Президент бизнес жүргізуге кедергі келтірмейтін тиімді жолды табуымыз қажет дейді. Сондықтан сала ерекшеліктерін ескере отырып есептеуді міндеттеді. Нақты бизнес өкілдерінің, экономика, қаржы және салық саласындағы сарапшылардың, сондай-ақ депутаттар мен қарапайым тұрғындардың пікірлері ескерілсін деп шегеледі. Толығырақ Аружан Задабек толықтырады.
«Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн». Президент кездесудегі алғысөзін осылай бастады. Мемлекет басшысы экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек дейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін қосымша құн салығына қатысты көзқарасын білдірген емес. Бірақ Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін тұрғындар тарапынан түсініспеушілік көп болды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс.
Мемлекет басшысы қосымша құн салығының Үкімет ұсынған мөлшерлемесі тым жоғары деп санайды. Не болса да биыл нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл – Президент пәрмені. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек деп бірнеше рет айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет.
Үкімет нақты цифрды белгіледі. Қазір құн салығы 12 процент болса, оны 20 пайызға көтеруге бекінгенен жеткізді. Оны қоғам іліп алып, қызу талқылауға көшті. Президент кей жағдайда артық сөздің де болғанын айтты. Депутаттар арнайы сауал жолдап, әлі де мәселені талқылау керегін жеткізген.
ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Басынан бастап депутаттардың көбі оған қарсы болды. Өткен пленарлық отырыста арнайы «Аманат» партиясының депутаттары арнайы сауал жасап, бірден 8 пайызға көтеру міндетті түрде әлеуметтік жағдайды нашарлатады деген сауал жолдады. Сондықтан басқа жолдарды табу керек. Өте жақсы ұсыныс жасады Президент осы бүгінгі кездесуде. Сараланған салық жүйесін енгізу. Бұндай осыныс бұрын да айтылған.
Әзірге жылдық тауар айналымы 78 миллион теңгеден асатын кәсіпорын ғана құн салығын төлеуге міндетті. Бірақ, үкімет ұсынған өзгеріс күшіне енсе, бұл меже 15 миллион теңгеге дейін төмендеуі мүмкін. Қазір бір тауардың құны 1000 теңге болса, қазіргі 12 пайыздық мөлшермен есептегенде тұтынушы оны 1120 теңгеге сатып алады. Демек, қосымша құн салығының көрсеткіші тауар бағасының құбылуына тікелей ықпал етеді, дейді сарапшылар.
СӘКЕН КАРИН, «АТАМЕКЕН» ҰКП ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЛЫҚ КОНСУЛЬТАНТТАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Шынымен Президент құн салығы туралы дәл уақытында қозғады. Бұған дейін Үкіметтің отырыснда салыққа қатысты ой айтылып, нақты цифр да көрсетілген еді. Негізі Үкімет шешім қабылодар алдында жан-жақты саралап, Заң бойынша оны Мәжіліліске жіберуі тиіс. Сарапшылар талқылауға міндетті. Нақты факт көрсетілуі міндетті. Бірақ біз мұны көрмедік. Президент те мұны байқаған. Бүгін ол туралы айтты.
Қазақстан құн салығының мөлшері бойынша әлемде 70-орында тұр. Бұл – біз салығы төмен елдердің қатарына кіреміз дегенді білдіреді. Мамандар егер құн салығы Үкімет айтқандай 12 пайыздан 20-ға көтерілетін болса бюджетке жыл сайын 5-7 трлн теңге кіріс кіретінін айтып отыр.
ТИМУР ЖАРКЕНОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қосымша құн салығының талаптары күшейтілген кезде, сәйкесінше, мемлекет тарапынан ірі бизнес өкілдеріне қолдау болады. Бұл шешім қабылдау кезінде ескеру керек маңызды ақпарат. Бұл, ең алдымен, экономиканы жетілдіруге жол салады. Әсіресе барлық тауардың құжатпен сатылуын қамтамасыз етеді.
Үкіметтің көздегені мынау. Егер салық бағасы өссе, одан түскен ақшаға бізде қирап тұрған электр және жылу энергетикасы, жол, газ тасымалдау жүйесін жаңартуға болады. Тіпті, шағын және орта кәсіпті дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға жұмсаймыз деп сендірді. Ал, басқалар қалтамыз қағылады деп жыларман. Қымбатшылық бүйірден қысқан заманда ішім-жемнің бағасы тағы көтеріліп, тығырыққа тіреуі әбден мүмкін дейді. Қысқасы, мұнымен қазан жабылмайды. Президент мұқият зерттеп, талқылауды шегелеп тұрып тапсырды. Енді алда өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын шешім қабылдау міндеті тұр. Отандық бизнес өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы жиында өзге де тақырыптарды қаузады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ірі бизнес болмаса, Қазақстан экономикасының әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Бізге экономиканың дамуын жаңа деңгейге көтеру үшін инфрақұрылым, индустрия, цифрландыру және басқа да салаларда серпінді әрі ауқымды жобалар қажет. Мұны іске асыруға ірі бизнесмендердің шамасы жетеді. Сіздерде оған қажетті қаржы да, мамандар да, ең бастысы, білім мен тәжірибе де бар.
Елде квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді. Реттелетін сатып алуларға бизнес өкілдері өтінім берген жағдайда, оған мемлекеттік кәсіпорындардың қатысуына заң жүзінде шектеу қойылды. Бизнесті негізсіз қыспаққа алудан және салалық органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алынды.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Үкіметтің 2025-2028 жылдардағы жоспарының басым бағыты - бизнесті қолдау. Бұл тақырып біз үшін кезек күттірмейтін мәселе. Біз жаңа идеялар мен тың жобаларды қолдауға дайынбыз.
Қылмыстық кодекстің бес бабы ізгілендірілді. Инвесторларды негізсіз тексерудің, оларға айыппұл салудың алдын алып, рұқсаттама беруге кедергі келтірмес үшін «прокурор сүзгісі» енгізілді. Бүгінде прокурорлар инвестор құқығын бұзатын 700-ден аса фактіге тосқауыл қойды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Үкімет кредит мөлшерлемесін субсидиялау арқылы банк қаржысын тарту туралы бастама көтерді. Қаржы секторы осы міндетті орындауға белсенді қатысуға тиіс. Үкімет Кепілдік қорын құру мәселесін пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көлемін арттыру үшін басқа да ұсыныстар қажет. Мен Үкімет отырысында Ұлттық қор ел экономикасының бір бөлшегі екенін айттым.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты цифрландыру өзекті екеніне назар аударды. Бұл – бизнестің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ең тиімді жолы.
ЖҰМАБЕК ЖАНЫҚҰЛОВ, «PARYZ» ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР ҰЛТТЫҚ КОНФЕДЕРАЦИЯСЫ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мемлекеттің қолдауы өте маңызды. Қолдаусыз жетістікке жетіп, мықты жобаларды іске асыру мүмкін емес. Шағын және орта бизнеске жаңа леп керек. Президент айтпақшы бәсекелестікті арттыру керек. Мен өзім өндіріс саласында 25 жылдан бері қызмет атқарып келемін.
Мемлекет үшін басы артық бюрократияны қысқартатын, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, жалпы тиімділікті жақсартатын маңызды қадам.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мемлекет еліміздің өндірісіне қаржы салатын, тұрақты жұмыс орындарын ашатын адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайды.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, былтыр көктемде болған су тасқыны кезінде қаржылай қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлерге, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорына жарна салған бизнес өкілдеріне алғыс айтты. Қазір қор қаржысы денсаулық және білім беру салаларындағы өзекті міндеттерді шешуге жұмсалып жатыр.