Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі мемлекеттік әнұранның сөзі мен әніне арналған байқаудың басталғанын хабарлады. Бұл туралы ақпарат министрліктің ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресми мәлімдемеге сәйкес, байқау Қырғызстан халқының тарихи мұрасы, мәдени дәстүрлері мен ұлттық бірлігін бейнелейтін жоғары көркемдік деңгейдегі музыкалық туынды әзірлеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Байқау жұмыстарын бағалайтын комиссия құрамында Жогорку Кенеш депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жазушылар, композиторлар және мәдениет қайраткерлері болады. Егер байқауға ұсынылған шығармалар саны жеткіліксіз болса немесе талапқа сай келмесе, ол өткізілмеген деп есептеледі.
Мемлекеттік әнұранды өзгерту туралы бастаманы 2024 жылдың қазан айында Жогорку Кенештің спикері Нурланбек Шакиев көтерген болатын.
- Біз туды өзгерттік, енді әнұранды да жаңарту қажет. Өйткені қазіргі әнұран қабылданған кезде біз Кеңес Одағынан енді ғана шығып, тәуелсіздігіміздің алғашқы қадамдарын жасап жатқан едік. Қазіргі әнұранды орындау қиын, оны барлық қырғызстандық айтып шыға алмайды, – деген Шакиев, сондай-ақ кейбір жағдайларда әнұран орындалғанда “құстар үркіп кеткенін” де атап өтті.
Кейін бұл ұсынысты ел президенті Садыр Жапаров қолдап, мемлекеттік рәміздерді жаңартудың еш әбестігі жоқ екенін айтты.