Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары елік пен қоянды заңсыз атып алған. ІІМ мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Мәртөк ауданында рейд барысында полиция қызметкерлері қарда жүретін үш көлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде жергілікті тұрғындар тізгіндеген, қарда жүретін көліктердің бірінен елік пен қоянның өлекселері табылды.
"Азаматтардың елік атуға рұқсат құжаттары жоқ екені анықталды. Сонымен қатар елік ату мерзімі 31 желтоқсанда аяқталды, бұл аң аулау мерзімін де бұзады. Заңсыз аң аулау дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Полиция тұяқты жануарларды аулау 31 желтоқсанда аяқталғанын еске салады. Бұл жануарларды тек заңда белгіленген мерзімде аулауға болады және осы ережелерді бұзу жауапкершілікке әкеп соғады.
"Барлық аңшы заңнамалық нормаларды қатаң сақтауы керек және аң аулауға тиісті рұқсат құжаттары болуы міндетті", - деп жазылған хабарламада.