$489.15 €533.47 ₽5.64
×

Атырауда фонтанда көз жұмған сәбидің ісі қайта қозғалды

AstanaTV
09.02.2025ж. 21:33
393
Атырауда фонтанда көз жұмған сәбидің ісі қайта қозғалды

Атырауда Әйтеке би көшесіндегі субұрқақта үш жасар баланың қаза болуына қатысты істің сотқа жетпегені қоғамда наразылық тудырды. Осыдан кейін тергеуге қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды.

«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, құқық қорғау органдары қылмыстық істі қайта қозғады. Алайда ол қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы («Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе өткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету») бойынша қаралуда.

Тергеу барысында құқық қорғау органдарының назары марқұм баланың ағасына емес, “Ибрахим” жеке компаниясына ауды. Бұл компания Атырау қаласындағы 36 субұрқаққа қызмет көрсетеді, оның ішінде қайғылы оқиға болған субұрқақ та осы мекеменің қарамағында болған.

Айта кетейік, дәл осы 306-бап бойынша қалалық сот Жеңіс саябағында бюст басып қалған 7 жасар қыздың өліміне қатысты істі де қарап жатыр.

“Ұлымды қайтару мүмкін емес, бірақ кінәлілер жазалануы керек”, – дейді марқұмның анасы Светлана Капизова.

Оқиға қалай болды?

Қайғылы жағдай 2023 жылдың 26 шілдесінде Әйтеке би көшесіндегі субұрқақта болған. Никита есімді үш жасар бала екі әпкесімен суда ойнап жүрген кезде аяқтарын сорғыш сорып алған. Қыздар оны құтқара алмаған, салдарынан бала суға тұншығып қалған.

Бастапқыда оқиға бойынша ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлігі («Кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейін жабылып қалған.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.