$488.53 €531.91 ₽5.68
×

Намибияның бірінші президенті Сэм Нуйома көз жұмды

AstanaTV
09.02.2025ж. 22:31
365
Намибияның бірінші президенті Сэм Нуйома көз жұмды

 Намибияның бірінші президенті Сэм Нуйома сенбі, 8 ақпанда қайтыс болды. Ол 95 жаста еді. Соңғы үш аптасын денсаулығына байланысты ауруханада өткізді, деп хабарлайды KAZINFORM.

Бұл туралы ел президенті Нанголо Мбумба жексенбі күні таңертең жасаған мәлімдемесінде айтқан.

Нанголо Мбумба елдің бірінші президенті денсаулығының нашарлығына байланысты соңғы үш аптада емделуге және бақылауға алу үшін ел астанасы Виндхукте ауруханаға жатқызылғанын атап өтті.

– Өкінішке қарай, еліміздің ең қайсар перзенті бұл жолы дертінен айыға алмады. Сондықтан мен бүгін таңертең, 2025 жылдың 9 ақпанында Намибия халқына, африкалық бауырластарымызға және бүкіл әлемге құрметті бостандық үшін күрескер және революциялық көшбасшы, мәртебелі доктор Сэм Шафиишуна Нужоманың қайтыс болғанын үлкен қайғымен хабарлаймын. Президент Нуйома 8 ақпанда 23:45-те Намибияның Виндхук қаласында 95 жасында қайтыс болды, - деді ол.

1929 жылы 12 мамырда Намибияның солтүстік-батысында Омусати аймағындағы Этунда ауылында дүниеге келген Сэм Нуйома елдің тұңғыш президенті (1990-2005) болды. Ол, сонымен қатар Намибияны тәуелсіздік алғаннан бері басқарып келе жатқан Оңтүстік-Батыс Африка халықтық ұйымының негізін қалаушы.

Әлеуметтік желіде Сэм Нужоманың отбасына көңіл айтқан Нанголо Мбумба оның үкіметі жерлеу рәсімін ұйымдастырып, негізін қалаушы президентті еске алу үшін ұлттық аза тұту кезеңін жариялайтынын айтты.