$503.15 €543.3 ₽5.93
×

Футболшылар наразылық білдіріп, алаңнан кетіп қалды

10.02.2025ж. 20:00
350
Футболшылар наразылық білдіріп, алаңнан кетіп қалды

Қытайда басталған Азиада ойындарының 3-ші күнінде отандастарымыз жалпы саны 9 медальді қоржынға салды. Конькиші жігіттер шорт-тректен ел тарихында болмаған алтынға қол жеткізді. Бастапқы айналымдарда қарсыластың ізін аңдумен болған жерлестеріміз, соңғы сәтте жеңісті жұлып әкетті. Осылайша Қазақстан қанжығасында 1 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль бар. Жарыс 3 күннен соң өз мәресіне жетеді.

"Тұңғыш" деген сөз біреуге қуанышты, ал біреуге қайғылы. Ирландиялық боксшы мансабында алғаш рет жеңіліс тауып, артынша қайтыс болды. 28 жастағы Джон Куни мен уэльстік Натан Хауэллс арасындағы жекпе-жекте Джон Куни ауыр жарақат алып, кездесу ерте аяқталды. Миына қан құйылған ол операция жасатқанымен, арада 1 апта өткенде қаза тапты. Бұл оның 11 жеңістен кейінгі тұңғыш әрі соңғы жеңілісі.

 Футболда нокауттан емес, ойыншылар ойнамай қойған соң кездесу мезгілінен бұрын аяқталып жатады. Түркия чемпионатында "Адана Демирспор" футболшылары төрешінің қақпаларына пенальти белгілегеніне наразылық білдіріп, бірінші тайм аяқталмай алаңнан кетіп қалды. Оқиғадан соң клуб Президенті де отсавкаға кететінін мәлімдеді. Ал 30-шы минутта ойынның аяқталуына себепші болған 27 жастағы төреші біраз уақыт матчқа төрелік етпейді, тіпті карьерасын аяқтауы мүмкін.

Түрік футболында қолыңмен бетіңді басатын да, немесе керісінше, тұрып қол шапалақтайтын да жайттар кездеседі. "Фенербахче" бакпері әйгілі Жозе Моуриньо жанкүйер үшін клубтық автобусты тоқтатты. Сүйікті командасының соңынан жанын сала жүгірген жас жігітті байқаған Моуриньо, оған футболшылар жайғасқан транспортқа кіруге рұқсат берді. Жанкүйер олармен суретке түсіп, әңгіме айтып, тіпті кешкі асты бірге ішті.