Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімдігі бөгет салу үшін жеке үйлердің ауласын рұқсатсыз иеленген. Тасқынға әзірленіп жатқан Қызылжар ауданының әкімдігі Есіл өзенінің жағасында балшықтан бөгет салуды қолға алған. Биіктігі 5 метр, ал ұзындығы 7 шақырымға созылған алып нысан бірнеше үйдің ауласынан өтеді. Солардың бірі -Данияр Төлегенов. Үй иесінің айтуынша, ауыр техника оларды ескертпей, ауланың қоршауын бұзып, балшық тасыған.
ДАНИЯР ТӨЛЕГЕНОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бөгет соғу жұмыстары қыркүйек айында басталды. Тұрғындарға ешкім ескерткен жоқ. Мен әкімдікке хабарласып, дабыл қақтым. Артынша олар келіссөздер жүргізе бастады. Тәуелсіз бағалау компаниясы біздің үйді 39 миллион теңгеге бағалады. Әкімдік бұл сомамен келісті. Алайда, әлі күнге дейін бұл ақшаны өтеген жоқ.
Қызылжар ауданының әкімдігі қаражаттың жоқтығын мүлікті бағалау науқанының сағызша созылып кеткенімен байланыстырады. Билік өкілдері 1 баспана мен 5 тынығу мекемесінің құнын өтеуі тиіс. Борыш көлемі 100 миллион теңге шамасында. Шенеуніктер қарыздан жақын арада құтыламыз дейді.
АСХАТ БАКЕЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қаржы жылы біткесін ақша болмағасын қаржы төленген емес. Сондықтан қазір біз қайтадан бюджеттік заявка жасап жатырмыз. Наурыз айының аяғына дейін сол кісілерге төленетін болады.