$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Атырауда тұрғындар жарамсыз бөгетке миллиондар бөлген әкімдікке ашулы

10.02.2025ж. 20:00
177
Атырауда тұрғындар жарамсыз бөгетке миллиондар  бөлген әкімдікке ашулы

Атырауда тұрғындар жарамсыз бөгетке миллиондар бөлген әкімдікке ашулы. Қала маңындағы “Бимахис” бау-бақша алабы халқы бұл бөгет ауылды су тасқынынан қорғай алмайды,- деп отыр. Сондықтан 16 миллион теңгеге салынған дамбының сапасына назар аударуды талап етуде.

Жайық өзені жағасында орналасқан “Бимахис” бау-бақша алабы тұрғындарынан көктем жақындаған сайын маза кеткен. Былтыр су тасқыны қаупі төнген кезде саяжайды қоршап бөгет салынған. Бірақ онысы үйлерге тым жақын орналасып, көлік қозғалысына кедергі келтірген соң күзге таяу бірнеше метрге ығыстырыпты. 1 шақырымдай бөгет үшін қала қазынасынан 16 миллион теңге бөлінген көрінеді.

ЖОЛАМАН АМАНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мына бал ертең су келсе, бірден жарып кетеді. Мына бал дұрыс салынған жоқ. Технологиямен салынған жоқ. Тапалған жоқ. Енді осы балды тапап, жақын тұр. Гараждың тұсынан шығу керек.

АНАРГҮЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Нақты ешкім мына жерге келіп, біздің мұңымызды мұңдап, көзімен көрген ешкім жоқ. Құра уыз сөзбен кетеді. 16 млн ақша бөлінді деді. Бірақ ол кезде трактор келіп жатқан кезде экскаваторға өзіміз ақша төледік

Қазынадан қомақты қаржы бөлінгенімен, бөгет үстін тығыздау жұмысы жүрмегені тұрғындардың ашуын туғызды. Ақшаның есебін көрсетіңдер деп, әкімдік қызметкерлерінен бірнеше рет талап еткен. Бірақ ақ жағалылар есеп бермек түгілі, жобалау кезінде бөгетті бекіту енгізілмеген деп бастарын ала қашыпты.

БЕКСҰЛТАН САТЫМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Мердігер компания қанша қаражат бөлгенін білмеймін, бірақ дереу түрде ығыстырдық дамбыны. Негізгі талабы - бөгетті бекіту. Алдағы уақытта наурыз айларында бекітіп, қалпына келтіріп береміз. Барлық стандарта сай. Заң аясында жоба негізінде жасалады деп ойлаймын.

Әу баста жобаға енгізілмеді деген жауаптылар, күн райы қолайлы болысымен, уәдені орындаймыз десті. Айта кетейік, “Бимахис” саяжайында 400-ден астам түтін тұрады.