$495.28 €538.32 ₽5.77
×

«Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты қалалық фестиваль өтті

10.02.2025ж. 20:00
215
«Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты қалалық фестиваль өтті

Елімізді мекен етіп, пана тапқан бар халықтың басын біріктіріп, ұлттық құндылықтарын сақтап, дәріптеуге мүмкіндік берген Қазақстан Халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл. Оған арналған мерейтойлық шаралар басталып кетті. Елордада 22 этно-мәдени ұйым «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты 26-шы фестивальге қатысып, өз өнерлерін паш етті.

Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасып, екі дүние бөлігіндегі барша ұлтқа пана болған Қазақстан – бірлік пен ынтымақ мекені. Осы ұранды ту еткен ұлттық-мәдени орталықтар ұлтаралық достықтың берік іргесін одан әрі нығайта түсті. Әр бірлестік өз ұлттық өнерін ортаға салды.

Ұлты әзербайжан Нарина Алиева да бүгін фетивальдің бел ортасында жүр. Айтуынша, "Хазар" ұйымында, бауырлас екі халықтың құндылықтары бірдей дәріптеледі.

НАРИНА АЛИЕВА, ФЕСТИВАЛЬГЕ ҚАТЫСУШЫ:

Мен 13 жасымнан бері белсенді түрде барлық мәдени іс-шараларға қатысып келе жатырмын. "Хазар" атты біздің бірлестік қазақ пен әзербайжан халықтарының бауырластық қатынастарын одан әрі нығайта түсетініне сенеміз. Оған мүше біздің жастарымыздың барлығы мектепте ғана емес, ұйым ішінде қазақ тілін меңгеруді бірінші орынға қоямыз. Мен Қазақстанды өз Отаным деп көремін. Қазақ халқымен байланыстыратын әр зат мен үшін аса құнды. Сондықтан, Ұлттық киімді әркез сахнаға киіп шығуға тырысамын.

Көп ұлттың мәдениеті мен өнері қосылған жерде шығармашылық шырқау шегіне жетеді. Бұл – конкурстың құрметі қонағы әрі қазылар алқасының мүшесі – Ұлықпан Жолдасовтың пікірі. Белгілі әнші, сазгердің айтуынша, әр халық өнері жүректен шығып, жүрекке жетеді.

ҰЛЫҚПАН ЖОЛДАСОВ, ӘНШІ; САЗГЕР:

Кезінде талай Ұлтты қабылдап, қазір бірге келе жатырмыз. 30 жылдық құтты болсын! Аман болайық!

Шара қорытындысы бойынша, «Вайнах» шешен-ингуш ансамблі топ жарды. Одан бөлек, түрлі номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталды. Енді олар Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеште өнер көрсетеді.