$489.15 €533.47 ₽5.64
×

Депутаттар қосымша құн салығы бойынша ұсыныстар айтты

10.02.2025ж. 20:00
212
Депутаттар қосымша құн салығы бойынша ұсыныстар айтты

«Жеті рет өлшеп, бір рет кес». Депутаттардың қосымша құн салығы мөлшерлемесін өсіруге қатысты пікірі осындай. «Реформаны жан-жақты саралап, егжей-тегжейлі електен өткізген жөн» дейді. Мәжілісмендердің сөзінше, «қосымша құн салығы мөлшерлемесінің күрт өсуі бизнеске кедергі келтіріп, көлеңкелі экономиканың артуына алып келеді. Қазірдің өзінде елдегі көлеңкелі экономиканың үлесі 20%-ке жуықтаған.

Қосымша құн салығының мөлшерлемесі өседі деген күннен-ақ қоғамда түрлі пікір тарай бастады. Үкіметтің әу баста ұсынған мөлшерлемесі тым жоғары. Бұл жағдайда тауарлардың бағасы 7-9%-ке қымбаттап, инфляция деңгейі 4-5%-ке өседі. Мәжілісмендер қосымша құн салығының шекті мөлшерін де 78 млн-нан 15 млн-ға төмендетпеуді ұсынып отыр. Айтуларынша, бұл өзгерістен бюджеттің бүйірі айтарлықтай тола қоймайды. Сондай-ақ аталған реформаның кішігірім дүкен иелеріне қатысы жоқтығын еске салды.

БЕРІК БЕЙСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Көбісі ойлап жатыр, 15 млн-нан жылдық айналымымыз көбейіп кетсе, біз онда қосымша құн салығын төлейді екенбіз деп. Ол дұрыс емес, халықпен жұмыс істейтін шағын бизнес, үйдің маңындағы дүкен, шаштараз болсын ҚҚС төлемейді. Олардың жылдық айналымы 2 млрд 200 млн-ға шейін және айналымнан 4 пайыз ғана төлейді.

Ал депутат Мархабат Жайымбетов құн салығының бір бөлігін бонус ретінде қайтаруды жөн санайды. Сондай-ақ көптеген қажетсіз салықтық жеңілдіктерді қысқартуды ұсынды.

МАРХАБАТ ЖАЙЫМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

ҚҚС- тұтынушыға салынатын салық. Өйткені ең соңында кез-келген тауарды алатын тұрғындар ғой. Сондықтан да саралайық, әуелі талдайық, қалай әсер етеді, сосын ғана шешім қабылдайық деген мәселе. Ауыл шаруашылығына, өңдеуші өнеркәсіпке салық болмау керек, немесе аз болу керек деген пікір бар.

Құн салығына қатысты түзетулер 20 ақпанға дейін Мәжілістің қарауына ұсынылады. Қосымша шаралардың бірі ретінде әлеуметтік салықты алып тастау қарастырылған. "Бұл барлық тарап үшін оңтайлы шешім болады" дейді сарапшылар.