Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында Владислав Киреев топ жарды. Ол биатлоннан 10 шақырым спринтте чемпион атанды. Бұл туралы Astana TV Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Биатлоннан спринт сайысында төрт қазақстандық спортшы бақ сынады. Нәтижесінде Владислав Киреев алтын медаль жеңіп алды. Ол жарыс жолын 29 минут, 47.4 секундта жүріп өтті.
ҚР ҰОК баспасөз қызметі Мәре сызығын екінші болып кескен тағы бір спортшымыз Вадим Куралес күміс жүлдеге ие болды. Ол биылғы маусымда ғана негізгі құрамда өнер көрсете бастаған. Үшінші орынды қытайлық Гу Цан иеленді. Ал Әсет Дүйсенов алтыншы, Александр Мухин жетінші орынға тұрақтады.
Естеріңізге сала кетейік, бұл Қазақстан қоржынына түскен үшінші алтын медаль. Бұған дейін фристайл-акробатикадан Қазақстан ерлер құрамасы елімізге екінші алтын медальді сыйлаған еді. Қазақстан алғаш рет Азия ойындарының тарихында осы спорт түрінен алтын медаль жеңіп алды.