$499.04 €544.45 ₽5.96
×

Алматының бұрынғы бас архитекторы сотта соңғы сөзін айтты

AstanaTV
11.02.2025ж. 17:20
216
Алматының бұрынғы бас архитекторы сотта соңғы сөзін айтты

Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахметжанов пен басқа да тұлғаларға қатысты сот талқылауы аяқталды, деп хабарлайды KAZINFORM.

Іс қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Мәртпек Кәкімжановтың төрағалығымен қаралып жатыр.

Онда айыпталушы Алмасхан Ахметжановтан бөлек, тағы алты адам отыр, олардың арасында Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов те бар.

Бүгін сот талқылауы барысында айыпталушылар соңғы сөздерін айтты.

Алмасхан Ахметжанов өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және өз ісін қорғайтынын мәлімдеді.

– Бұл менің соңғы сөзім болғандықтан, қатысқандары үшін бәріне алғыс айтқым келеді. Бірақ айыптау актісі оқылған кезде мен «құқық пен тәртіп» деген сөзді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен прокуратура басқаша қабылдағанын түсіндім. Яғни, прокуратура мен антикор «өлім жазасына» қол қойды, – деді Ахметжанов.

Сонымен қатар, ол өмір бойы сәулет және қала құрылысы саласындағы құқықтық нормаларды жетілдіруге, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетуге және бюрократиялық нормаларды азайтуға барын салығанын жеткізді.

Ардақ Самамбетов те өзін кінәсіз санайды. Ол өзіне қатысты сұралған жазаның (қауіпсіздігі орташа мекемеде 12 жыл бас бостандығынан айыру) тым қатал және кісі өлтірушілер үшін тағайындалатын жазамен салыстыруға болатынын атап өтті.

– Еңбек жолымда 8 басшы, 4 әкім, 4 министр ауысты. Мені басқа да қызметтерге, соның ішінде орталық уәкілетті органдарға шақырды. Менің мінсіз беделім бар еді, оны осы заңсыз қылмыстық іспен жойып жіберді, – деді Самамбетов.

Ерлан Жармұханбетовке қаржы жымқырды, алаяқтық жасады, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және пара алды деген айып тағылып отыр.

Алмазхан Бәкіров қылмыстық құқық бұзушылыққа итермелеу және көмектесу, алаяқтық және пара алу бойынша айыпталды.

Мұханбетәлі Шалқарбеков пен Берік Өскембаевқа алаяқтық жасады деген айып тағылды.