$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Ақтөбе облысында жұмысшы мамандар тапшы

11.02.2025ж. 20:00
263
Ақтөбе облысында жұмысшы мамандар тапшы

Ақтөбе облысында жұмысшы мамандар тапшы. Әсіресе шаруа қожалықтарына малшы, сауыншы, фельдшер , тракторист-механизаторлар жетіспейді. Өңірде ауыл шаруашылығы үшін білікті жұмысшы мамандарды дайындайтын Шығанақ Берсиев атындағы жоғарғы аграрлық –техникалық колледжі бар. Елу жылға жуық тарихы бар оқу орны талай түлекті түлеткен.

15 жастағы Нұрасыл Игілік -болашақ агроном. Ол жастайынан жерді сүйіп, жер ананы күтіп баптасаң, берері мол екенін біліп өскен. Жастайынан отбасымен бақша егіп, қауын-қарбыз өсірген. Оқуын бітірген соң да осы кәсіпті жалғастырғысы келеді.

НҰРАСЫЛ ИГІЛІК, КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ:

Кішкентайымнан осы мамандық өзіме ұнайды. Өйткені ағамның бау-бақшасына барып, қауын-қарбыз өсімдіктер өсіруге көмектескенмін. Өсімдіктермен айналысып, баптауды үйреніп жатырмын.

Бұл колледжде студенттер жерді тынайтудан бастап, жермен жұмыстың қыр-сырын түгел үйреніп шығады. Өйткені арнаулы оқу орнында он гектар жерге егіс, бау-бақша егіледі. Ол жерде студенттер өздері жерді жыртып, егін салып, бақша егіп, күтіп баптайды. Осындай өңдірістік тәжірибеден өткен студенттер көкөніс, бақша, егін өсіруші, жылыжай, дендропарктердің дайын маманы болып шығады.

ГҮЛНӘР ЕСЖАНОВА, КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫСЫ:

Бұл жерге келгендер ең бірінші топырақты күтіп баптау, тынайтқыштар беру әрі қарай өсімдіктерді көбейту. Сондай-ақ заманауи үлгіде оларды өсіру технологиясын толық үйретеміз.

Оқу орнында 12 түрлі жұмысшы мамандығы оқытылады. Ауыл шаруашылығы механикаландыру мамандығына түскендерге бір жылдан кейін жұмысшы мамандығы беріледі. Колледж бітіргенше олар бірнеше кәсіпті қатар меңгеріп шығады.

НҰРБОЛАТ ҚҰЛШАРОВ, КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫСЫ:

Бұл көп деңгейлі болғаннан кейін алғашқы жылы бағдарламаны меңгергеннен кейін ауыл шаруашылығы тракторист-машинисті куәлігін және «В», «Д» котегориялы автомобиль жүргізушісі деген жөңдеуші слесарь куәлігін алып шығады. Ал бітіршеннен кейін техник-механик деген диплом алады.

Колледжде 900 студент күндізгі бөлімде, үш жүздей білім алушы сырттай оқиды. Үшінші курстан кейін студенттер өңдірістік тәжірибеден өтуге мекемелерге жолдама алады. Өйткені, өңірде ауыл шаруашылығына жұмысшы мамандар тапшы. Әсіресе көктемгі егіс, күзгі егін жинау кезінде адам жетіспейді.

АЙСҰЛТАН КЕҢБЕЙІЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ауылдық жерлерде сауыншы, тракторист-механизаторлар мамандықтарының жетіспеушілігі бар. Тұқым саласы бойынша кішкене жетіспеушілік бар. Бұл енді саладағы еңбекақының төмендігіна бейланысты болып тұр. Бұл саладағы жұмысшылар саны орташа 60 жасқа таяп отыр.

Өңір шаруа қожалықтары әзірге жұмысшылардың тапшылығын шетелдік жұмыс күшінің көмегімен шешіп отыр. Былтар бұл мақсатқа 600 квота бөлінсе, биыл оны үш мыңға жейін жеткізу көзделген.