Танысын өлтіріп, денесін бөлшектеп, басын мұздатқышта сақтаған. Ақтөбеде жұртты дүр сілкіндірген қанды оқиғаға қатысты сот үкімі шықты. Алқа бидің шешімімен күдіктілердің бірі 11 жылға, екіншісі 4 жылға сотталды. Бұл жантүршігерлік қылмыс былтыр қыркүйекте Хромтау ауданында болды. Үш жігіт кездесіп, арақ ішеді. Артынша араздасып қалып, біреуі екіншісін пышақтайды. Жарақат алған жігіт сол жерде қаза табады. Қалған екеуі үйден қашып кетеді. Ертеңіне үй иесі қайтып келіп, мәйітті бөлшектеп, қылмысты жасырмақ болған. Ол танысының басын мұздатқышқа салып, қалған дене мүшелерін қоқысқа лақтырған. Бұл сұмдық қылмыс бір айдан кейін ғана ашылды.
ЖАНСАЯ ТАИРОВА, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Сот үкімімен сотталушы «П» Қылмыстың кодекстің 99 бабының 1 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы «Л» Қылмыстық кодекстің 432 бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.