$505.15 €550.31 ₽5.89
×

Енді жүргізуші жол ережесін бұзса сақтандыру құны 7 есе өседі

11.02.2025ж. 20:00
150
Енді жүргізуші жол ережесін бұзса сақтандыру құны 7 есе өседі

Көлік жүргізушілеріне жаңа ереже. Елімізде тағы екі санат пайда болды. Енді темір тұлпар тізгініндегілер жиі жол ережесін бұзса осы классқа түседі. Дәреже төмендеп қана қоймайды. Бұдан былай машина мінгендер қарсы жолаққа шығып, мас күйінде рөлге отырса, тіпті, жылдамдықты асырса оның сақтандыру полисі қымбаттайды. Оның құны бір емес, бірден 7 есеге артпақ. Бұған тұрғындар не дейді? Әріптесім Аружан Задабек тараптарды тыңдады.

Бұрын көлігі бардың көңілінде күдік жоқ дейтін едік, қазір машина мінгеннің мың мәселесі бар дейтін болдық. Түрі көп айыппұл тасада қалды. Енді көлік жүргізушілерінің бас ауруы сақтандыруға кеп тіреледі. Жаңа ереже бойынша темір тұлпар тізгіндейтіндерге екі жаңа санат пайда болмақ. Біріншісі - А , екіншісі - М2. Егер рөлдегі адам жылдамдықты асырып, қарсы жолаққа шықса, мас күйінде көлік жүргізсе немесе апатқа себепкер болса, оның сақтандыру полисі қымбаттайды. Мұндай жүргізуші М2 санатына түседі, ал оның құны 13-санатқа қарағанда 7 есе қымбат.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- 7 есе қымбаттатып, оның халыққа қандай пайдасы бар? Тек қиындату ма, ақша алу ма, қалай?
- Наверно постепенно істеу керек, сразу емес. И так қиын болып тұр ғой халыққа.
- Үлкен трассада авария көп болады. Сол жолға арналған сақтандыру болса оның жөні болек болар еді.
- Оны төлейтіндей жағдай жоқ қой халықта.

Тұрғындар пікірі – осы. Біз сауал жолдаған жүргізушілердің барлығы бірауыздан қарсы екендерін жеткізді. Халықтың бірден гу ете қалуына негіз жоқ. Өйткені бұл өзгеріс тек заңды жиі бұзған жүргізушілерге қатысты. Яғни, бәрі бірдей жазаланбайды. Бұл жерде апаттың саны да ескерілмейді. Алдымен жол апатының материалдық шығыны есептеледі. 200 АЕК-тен аз болса, жүргізушінің санаты бір сатыға ғана төмендейді.

АРМАН АШМҰХАНОВ, АВТОСАРАПШЫ:

Күнделікті жылдамдықты асырып, айыппұлды төлеп, бірақ сақтандыру полисін барлығымен қатар төлеп жүрген жүргізушілерге өзгерткен де дұрыс шығар. Өйткені қазіргі кезде көлік міну, көлік сатып алу, жүргізуші куәлігін сатып алу деген көп кездесіп жатыр.

Бұл тәжірибе әлемнің біраз елінде қолданылады. Осы арқылы көлік жүргізу ережесі мен мәдениетін қалыптастыру көзделген.

ӘЗИЗ ӘБІЛҚАСЫМ, ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жүргізушінің кінәсінен апат орын алса, онда сол жүргізушінің сақтандыру құны қымбаттайды, керісінше жүргізуші кінәсінен апат жағдайлары тіркелмесе, онда «бонус-малус» сыныбы өсіп, сақтандыру құны арзандайды. Жаңа «М1» және «М2» сыныптары қосылды, олар апатқа жиі тап болатын жүргізушілерге қолданылатын болады - және жаңадан қосылған жүргізушілер үшін «А» сыныбы енгізілді.

Жаңа ережеге сәйкес сақтандыру құны өсіп қана қоймай, төмендейді де. Мәселен, ең жоғары «13» сыныпта бес жыл бойы апатқа ұшырамаған жүргізушілерге жеңілдік бар. Жаңа ереже 7 сәуірде күшіне енеді.